Успен ауданының тұрғыны алаяққа ірі көлемде ақша аударды

Успен ауданының тұрғыны алаяққа ірі көлемде ақша аударды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аудандық сот негізсіз баю фактісі бойынша азаматтық істі қарап, талапты қанағаттандырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Соттың мәліметінше, Д.-ның В.-дан негізсіз баю сомасын өндіріп алу туралы талабы бойынша азаматтық іс қаралды.

– Талап қоюшы өз уәжінде бұл жағдайдың белгісіз тұлғалардың алаяқтық әрекеттері салдарынан орын алғанын атап өтті. Оның айтуынша, жауапкермен ешқашан таныстығы болмаған, ақша аударымына негіз де болмаған. Осы себепті 500 000 теңге көлемінде негізсіз баю сомасын өндіріп беруді сұрады, – деді аудандық соттың баспасөз қызметі.

Жауапкер жазбаша пікірінде талаппен келісетінін білдірді. Істі қарау барысында тараптарды татуластыру шаралары жүргізілгенімен, келісімге қол жеткізілген жоқ.

Сонымен қатар, жауапкер өз шотынан қаражат аударылған тұлғаға талап қою құқығынан айырылмайтыны көрсетілді.

Сот шешімімен талап қою толық қанағаттандырылды. Жауапкерден Д.-ның пайдасына негізсіз баю сомасы, мемлекеттік баж, сондай-ақ өкілдің көмегіне төленген шығындар өндірілді.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.