АИТВ: Павлодар зертханасы жылына 145 мыңға жуық зерттеу жүргізеді
Өңірде АИТВ инфекциясын анықтау мүмкіндігі кеңейіп, зертханалар заманауи жабдықтармен толықтырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы зертханасының меңгерушісі Меруерт Жұматаеваның айтуынша, қазіргі таңда зертхананың кадрлық құрамы толық жасақталған. Мұнда төрт дәрігер мен тоғыз зертханашы еңбек етеді. Дәрігерлердің екеуі жоғары, екеуі екінші санатты маман болса, зертханашылардың сегізі жоғары, біреуі екінші санатқа ие. Қызметкерлер жыл сайын кәсіби білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып отырады.
Соңғы бес жылда зертхананың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңарған. Қазіргі уақытта мұнда заманауи автоматтандырылған жабдықтар, соның ішінде иммунохимиялық зерттеулерге арналған «ИХЛ Архитект» анализаторы қолданылады. Ол Екібастұз қаласындағы орталық филиалына орнатылған.
Сонымен қатар, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың вирустық жүктемесін анықтау және антиретровирустық терапияның тиімділігін бақылау үшін кореялық «Бианер» және Roche Diagnostics компаниясының Cobas 400, Cobas 800 анализаторлары пайдаланылады. Емдеу нәтижелерін бағалауда ағынды цитофлуориметрия әдісі де маңызды рөл атқарады. Биыл Екібастұз филиалына пациенттердің денсаулығын бақылау мүмкіндігін кеңейту мақсатында қосымша анализатор орнатылған.
Бұдан бөлек, зертхана биохимиялық, гематологиялық және зәр анализаторларымен жабдықталған. Алдағы уақытта орталық отандық өндірістегі медициналық жабдықтарды да енгізуді жоспарлап отыр.
– Соңғы бес жылда зертханамыздың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды. Бүгінде бізде жабық үлгідегі автоматтандырылған заманауи анализаторлар бар. Бұл зерттеу сапасын арттырып қана қоймай, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың емделу барысын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Дегенмен, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта отандық өндірістегі анализаторларды да қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Меруерт Жұматаева.
Зертханада АИТВ инфекциясын анықтау үшін жабық үлгідегі иммуноферменттік тест-жүйелер мен экспресс-тесттер қолданылады. Диагностикалық жұмыстар қолданыстағы нормативтік талаптар мен бекітілген алгоритмдерге сәйкес жүргізіледі.
Экспресс-тест нәтижесі шамамен 20 минут ішінде дайын болады. Ал теріс нәтиже бір жұмыс күні ішінде беріледі. Егер алғашқы зерттеу нәтижесі оң болса, белгіленген тәртіп бойынша қосымша тексеру жүргізіліп, растау үшін материалдар Қазақ ғылыми дерматология және инфекциялық аурулар орталығына жіберіледі. Растаушы зерттеу нәтижелері, әдетте, бір апта ішінде келеді. Одан кейін пациентке антиретровирустық терапия тағайындалады.
– Біз қолданатын барлық тест-жүйелер ішкі және сыртқы зертханалық сапа бақылауынан өтеді. Сонымен қатар, халықаралық сапаны бағалау бағдарламаларына қатысамыз. Атап айтқанда, вирустық жүктемені анықтау бойынша CDC бағдарламасы жылына екі рет өткізіледі. Сондай-ақ биохимия, гематология, АИТВ, вирустық гепатиттер мен мерезді анықтау бағыттары бойынша сыртқы бақылаудан өтеміз. Зертханамыз бұл бағалаулардан сәтті өтіп келеді, – деп атап өтті зертхана меңгерушісі.
Зертхана мамандарының мәліметінше, соңғы жылдары АИТВ инфекциясына жүргізілетін зерттеулер саны тұрақты деңгейде сақталып келеді. Жыл сайын орта есеппен 140-145 мың зерттеу жасалады. 2026 жылдың алғашқы он айында 143 жағдай тіркелген.
Мамандар АИТВ инфекциясын ерте анықтау үшін тұрғындарға уақытылы тексерілудің маңыздылығын еске салады. Әсіресе кездейсоқ жыныстық қатынасқа түскен, АИТВ жұқтырған адаммен байланыста болған, есірткі тұтынатын, сондай-ақ жыныстық жолмен берілетін инфекциялар анықталған азаматтарға тест тапсыру ұсынылады.
Бұдан бөлек, жүкті әйелдер, қан және биологиялық материалдар донорлары, қан құйдыру немесе ағза трансплантациясынан өтетін адамдар, медицина қызметкерлері, әскери қызметшілер, тергеу изоляторларында ұсталатын азаматтар, В және С вирустық гепатиттерімен ауыратын науқастар да тиісті көрсетілімдер бойынша тексерілуі қажет.
Меруерт Жұматаеваның сөзінше, АИТВ-ға тексерілу үшін күмәнді жағдайдан кейін уақыт жоғалтпай, медициналық ұйымға жүгінген жөн. Инфекцияны ерте анықтау емді дер кезінде бастап, аурудың асқыну қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Павлодар облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында тұрғындар АИТВ-ға тегін әрі анонимді түрде тексеріле алады. Теріс нәтиже бір жұмыс күні ішінде беріледі. Ал экспресс-тест қорытындысын шамамен 20 минутта алуға болады.
