Алғашқы ұсыныс-тілектер: мобильді қабылдау бөлімі жолға шықты
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Жарқынбек Амантайдың мобильді қабылдау бөлімі жолға шықты. Алғашқы «аялдама» – Павлодар қаласындағы «Jailau» фермерлік базары. Үгіт-насихат жұмыстарының аясында кандидат сауда орынындағы жұртшылықпен жүздесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Аталған сауда орынының ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан мұнда келуші тұрғындардың қатары көп. Әсіресе, демалыс күндері әлеуметтік бағадағы азық-түлік сатып алу үшін келетін павлодарлықтардың қарасы қалың болады.
Жарқынбек Амантай базарға келген жұртшылықпен, сатушылармен тілдесті. Тұрғындар саудаланып жатқан азық-түлік бағасы көңіл көншітетінін атап өтсе, ендібірі базарға келіп-кету қиын екенін алға тартты. Бірқатары сайлауда сәттілік тіледі.
- Үгіт-насихаттың алғашқы шараларының бірі ретінде фермерлік базарға бас сұқтық. Бұл қала үшін маңызды әлеуметтік нысандардың бірі. Баға саясатына оң әсер етіп отырған базарда тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдадық. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру – маңызды мәселелердің бірі, - деді Жарқынбек Амантай.
Сондай-ақ, тұрғындар мобильді қабылдау бөліміне келіп, өздерінің көкейлерінде жүрген мәселелерді айтып, ұсыныс-тілектерін жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Тұрғындарды Мәжіліс депутаттығына кандидат Жарқынбек Амантай жеке қабылдады.
Өтінішін арқалап келгендердің қатарында Юлия Маратовна есімді қала тұрғыны бар. Ол жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.
- Өкінішке қарай, қазір пәтерді жалдау құны шарықтап кетті. Айлығымыз азық-түлік пен пәтерақыдан аспайды. Тұрғын үйге қаражат жинау мүмкін болмай отыр. Сондықтан, жастарға ыңғайлы тұрғын үй бағдарламасы болса деген өтінішім бар. Осы мәселені шешуге қолдау көрсетсеңіздер, ¬- деді қала тұрғыны.
Ал, Елена есімді павлодарлық тұрғын үйлердің аулалары қардан дұрыс тазаланбайтынына шағымданды. Әсіресе, «Манақбай» сауда үйінің жанындағы көп қабатты үйлердің ауласында жүріп-тұру қиын. Мобильді қабылдау бөліміне жекелей мәселелерімен жүгінген тұрғындар да болды.
Мәжіліс депутаттығына кандидат Жарқынбек Амантай мобильді қабылдау бөліміне тұрғындар тарапынан келіп түскен мәселелер жинақталып, мұқият сараланатынын атап өтті. Сайлаушылар сенім артатын болса, жүйелі проблемаларды Парламент мінберінен көтеруге дайын екенін айтты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Ж.Амантайдың сайлау қорының қаражатынан төленді
Фото: Константин Музалевский