Павлодарлық жастар мамандық таңдауда неден қателеседі?
Өңірде әлі де маман тапшылығы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазіргі еңбек нарығында мұғалім, дәрігер, ІТ мамандары, инженерлер, құрылысшылар мен жобалаушыларға сұраныс жоғары. Сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, ақпараттық технологиялар, өндіріс, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларында кадр тапшылығы байқалады. Инфрақұрылымдық жобалар көбейген сайын құрылыс және техникалық мамандықтарға қажеттілік артып келеді.
Павлодар қалалық «Мансап» орталығы жастарға кәсіби бағыт-бағдар беріп, жұмысқа орналасуға көмектеседі. Орталықта «Жастар практикасы» бағдарламасы да жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында оқуын соңғы бес жыл ішінде тәмамдаған, 35 жасқа дейінгі түлектер мамандығы бойынша уақытша жұмысқа орналаса алады. Тәжірибе мерзімі 12 айға дейін, ал жалақысы 30 айлық есептік көрсеткіштен кем емес.
- Қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар - мұғалім, дәрігер, ІТ және құрылыс саласы. Жастар қауымының бір бөлігі мамандықты дұрыс таңдаса, енді бірі трендке немесе «ақшасы көп» деген түсінікке еріп жатады. Соның салдарынан өзі таңдаған саланың маңызын түсінбей, диплом үшін ғана оқитындар бар, - дейді «Мансап» орталығының басшысы Қарлығаш Сембекова.
Мамандық таңдауда жас буын көбіне жоғары жалақыға, жеңіл жұмысқа немесе онлайн форматқа басымдық береді. Ал дәнекерлеуші, құрылысшы секілді қол еңбегін қажет ететін кәсіптерге қызығушылық төмен. Мамандардың айтуынша, бұл салалар да жақсы табыс әкелуі мүмкін.
Қала тұрғыны Нұргүл Қылышбаеваның айтуынша, қазіргі таңда дипломнан бұрын тәжірибе маңыздырақ рөл атқарады.
- Диплом сенің базалық білімің бар екенін көрсетеді, ал тәжірибе жұмыс істей алатыныңды дәлелдейді. Мамандық таңдағанда қызығушылық, қабілет және нарықтағы сұраныс ескерілуі керек. Алдағы 5-10 жылда жасанды интеллект, ІТ мамандары, психологтар мен коучтарға сұраныс артады, - дейді ол.
Мамандар ата-ананың ықпалы да маңызды екенін айтады. Кей жағдайда ата-ана баланың қызығушылығын ескермей, өз таңдауы бойынша бағыт береді. Соның салдарынан жас мамандар өз ісіне көңілі толмай, мамандығын ауыстыруға мәжбүр болады.
Бос жұмыс орындарын мемлекеттік Enbek.kz порталынан және өзге де жұмыс іздеу сайттарынан көруге болады. Ең бастысы - мамандықты тек табыс үшін емес, қабілет пен сұранысқа сай таңдау керек.