Асайын Байханов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
Облыс тұрғындары жеке мәселелерімен ғана емес, қоғамдық мәселелермен де жүгінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аймақ басшысына мәнерлеп сырғанау Федерациясының өкілдері жаттығу орындарын ұсынбау, аккредиттеуден бас тарту жөніндегі шағымдарын жеткізсе, "Дәмді тағам" ЖК басшысы ауруханалардағы тамақтану тарифін арттыруды ұсынды.
Асайын Байханов өтініштерді мұқият тыңдап, белгіленген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.
Тарифтің ұлғаюы бойынша келесі жылы инфляция коэффициентінің өзгеруін ескере отырып, қайта қарау мүмкін екендігі түсіндірілді.
Сондай-ақ, Асайын Байханов облыста синхронды мәнерлеп сырғанауды дамыту бойынша Павлодар федерациясының мәселесін қолдады.
- Барлық өтініштер бойынша жедел шешім табыла бермейді, кейбіреулері егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді. Әр өтінішті жеке-жеке қарастыратын боламыз, - деді Асайын Байханов.
Облыс тұрғындары қабылдауға egov порталы, E-otinish.kz бірыңғай базасы арқылы жазыла алады немесе облыс әкімдігінде жеке өтініш жазуға болады.