Павлодар облысында банкроттық жариялауға 18 мыңнан астам өтініш түсті

Павлодар облысында банкроттық жариялауға 18 мыңнан астам өтініш түсті
Фото: Константин Шелков

Нәтижесінде үш мыңнан астам тұрғын банкрот деп танылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының мәліметінше, 3361 адам банкрот деп танылып, олардың қарыздары есептен шығарылды. Тағы 980 өтініш бойынша рәсім жалғасып жатыр. Ал 13 мыңнан астам адамға сол кездегі талаптарға сәйкес келмегендіктен бас тартылған.

Мемлекеттік кірістер органдары соттан тыс банкроттық рәсімінің талаптары жеңілдетілгенін еске салды. Енді банк немесе микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылған, таратылған немесе тиісті тізілімдерден шығарылған жағдайда да берешекті есептен шығаруға болады.

Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Төлеген Шаймардановтың айтуынша, өтініште қарыздың нақты сомасын және кредитордың атауын көрсету, сондай-ақ растайтын анықтамаларды қоса беру талабы алынып тасталды. Сонымен қатар, 1 АЕК-тен аз мөлшердегі төлем мерзімі өткен берешек мерзімін үзбейді.

Тағы бір өзгеріс несие бойынша 12 айдан астам уақыт бойы төлем жасамаған азаматтарға қатысты. Заңда көзделген жағдайларда оларға банкпен берешекті алдын ала реттеу рәсімінен өту талап етілмейді.

19 наурыздан бастап қарызы 1600 АЕК-ке дейінгі және бес жылдан астам уақыт бойы төлем мерзімі өткен қазақстандықтар үшін соттан тыс банкроттық рәсімін қарау мерзімі алты айдан бір айға дейін қысқартылды.

Сонымен бірге мемлекеттік кірістер департаменті банкрот деп танылудың қарызды есептен шығарумен қатар бірқатар шектеулерге әкелетінін ескертеді.

– Бес жыл ішінде азамат несие ала алмайды және кепілгер бола алмайды. Үш жыл бойы оның мүліктік жағдайына мониторинг жүргізіледі. Банкроттық рәсімін қайта пайдалануға тек жеті жылдан кейін ғана болады, – деп түсіндірді Төлеген Шаймарданов.

Осыған байланысты павлодарлықтар өтініш бермес бұрын қарызды есептен шығару мүмкіндігін ғана емес, банкрот мәртебесін алудың салдарын да ескеруі қажет.