Солнечный кентінде жаңа бассейн ашылды
Ауқымды қайта құру жұмыстарынан кейін жаңартылған спорттық дене шынықтыру-сауықтыру кешені өз жұмысын бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталған кешен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен жаңартылды. Бұл туралы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин өзінің Instagram парақшасында мәлім етті.
– Қайта құру шеңберінде оның жылыту, сумен жабдықтау мен бассейнді сүзу, ауаны баптау және желдету жүйелері ауыстырылып, қасбеті, сондай-ақ ішкі үй-жайлары, оның ішінде душ бөлмелері жөнделді. Сонымен қатар, жаттығу залы мен үстел ойындары залы жаңартылды, – деп жазды Аян Бейсекин.
Солнечный кентінде 6,5 мың адам тұрады, оның мыңға жуығы – балалар мен жасөспірімдер. Спорт кешеніне күніне 60-тан астам адам келеді, бұл – кент тұрғындары және «ГРЭС-2» станциясының қызметкерлері.
– Дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен оның бассейні кенттің барлық тұрғындарының ерекше қызығушылықпен баратын орнына айналады. Спорт нысаны жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізетін бастапқы алаңға айналатынына сенімдімін, – деді қала әкімі.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру сұрақтары және осындай жобалардың жүзеге асырылуы облыс әкімі Асайын Байхановтың тікелей бақылауында.