Асайын Байханов: Балалардың бақыты – басты құндылық
Павлодар облысының әкімі балаларды қорғау күнімен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы аймақ басшысы өзінің Instagram парақшасында жариялады.
– Сіздерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – балғын күлкеге шаттық сыйлайтын, бала бақыты мен қуанышын ардақтайтын ерекше мереке. Әрбір бала – отбасының қуанышы, елдің үміті, ұлттың болашағы. Балаларымыздың жарқын келешегі үшін еңбек етіп, олардың алаңсыз өсіп, сапалы білім мен тәлім-тәрбие алуына жағдай жасаудамыз. Барша бүлдіршіндерге мықты денсаулық, бақытқа толы балалық шақ тілеймін. Армандарыңыз асқақ, қиялдарыңыз қанатты болсын! Әрдайым ата-ананың мейіріміне бөленіп, ұстаздардың өнегесін көріп, жақсылық пен қамқорлықтың ортасында өсіңіздер, – деді облыс әкімі.
Асайын Байханов, Павлодар өңірінің дарынды ұл-қыздары білім мен ғылымда, спорт пен өнерде биік белестерді бағындырып, ел абыройын асқақтатып жүргенін атап өтті. Жас ұрпақтың әр жетістігі – туған өлкенің мақтанышы екенін айтып, арман жолынан адаспай, өз күштеріне сеніп, алға қарай нық қадам баса берулерін тіледі.
Сонымен қатар, осы мерекеде бала тәрбиесіне бар ғұмырын арнап жүрген ата-аналар мен ұстаздарға ерекше ризашылығын білдірді.