Павлодарға жеткен тарихи олжа: Рүстембек Омаровтың сирек суреті табылды
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс тұтқынында болған қазақтың көрнекті күйшісі, Қазақ КСР-інің халық артисі Рүстембек Омаровтың 80 жылдан астам уақыт бұрын түсірілген фотосуреті табылды. Тарихи суретте өнерпаз өзі жасаған домбыраға ұқсас ұлттық аспапты ұстап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Фотоны Норвегияда қаза тапқан кеңес әскери тұтқындары туралы деректерді жинаумен айналысатын халықаралық еріктілер тобының жетекшісі Татьяна Торесен тапқан. Ол бұған дейін Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы мен «Ключ» телестудиясы бірлесіп түсірген Рүстембек Омаров туралы фильмді көрген. Сондықтан Норвегияның солтүстігінде болған кеңес әскери тұтқындарының фотосуреттерін қарап отырып, күйшінің бейнесін бірден таныған.
Рүстембек Омаров Ленинград консерваториясы жанындағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищеде білім алып жүрген кезінде кеңес-фин соғысына шақырылған. Ол жайында дәулексер күйші өмірбаянында былай деп баяндапты:
– Соғыс басталған шақта 1941 жылы біздің бөліміміз қоршауда қалды, нәтижесінде мен немістердің тұтқынында болдым. Осы күннен бастап соғыс аяқталғанға дейін мен немістерде болдым, алдымен Германияда, содан кейін Норвегияда. 1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін мен басқа әскери тұтқындармен бірге Отаныма оралдым, – деп жазған.
Тұтқында жүрсе де, Рүстембек Омаров музыкадан қол үзбеген. Ол лагерьде жұмыр ағаш пен тақтайшадан, қармақ жібін ішек орнына пайдаланып, домбыраға ұқсас аспап жасап алған. Бірде сол аспаппен Моцарттың «Рондосын» орындап отырғанда, артынан үнсіз тыңдап тұрған неміс офицері одан музыкант екенін сұраған.

– Мен «Иә», – дедім. Осы сәттен бастап неміс офицері бізге басқаша қарай бастады, көмектесіп, тіпті, қорғап жүрді. Ол: «Сенің қасыңда үш қазақ жерлесің барын білемін», – деді. Байқатпай бізге азық-түлік, нан, консервілерді беріп тұратын. Міне, осылай мен және менің жолдастарым тұтқында аман қалдық, – деп еске алған екен Рүстембек Омаров.
Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармонияның басшысы Амангелді Қожановтың айтуынша, 80 жылдан астам тарихы бар фотосуреттің табылуы мәдениет мекемесі үшін үлкен олжа.
– Бұл тарихи жәдігер – филармония мен «Панфиловшылар» іздестіру жасағы және норвегиялық зерттеушілер бірлесіп бастаған ауқымды зерттеу жұмысының нәтижесі. Бірлескен ізденістердің арқасында соғыс жылдарында Германия тұтқынына түсіп, Киркенес қаласындағы Шталаг 322 лагерінде болған күйші ғұмырбаянының бұрын белгісіз беттері қалпына келтірілді. Рүстембек атамыз аса ауыр жағдайда да музыкадан қол үзбеген. Бұл уақытта ол жиырманың үстіндегі жас жігіт. Жас күйшінің өнеріне неміс офицерлері де құрметпен қарағаны байқалады. Ал қолындағы домбыра – естелігінде жазып қалдырған, өзі жасаған домбырасы. Бүгінде біздің филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрі Р.Омаровтың есімімен аталады, – дейді Амангелді Қожанов.
Филармонияның бас редакторы Салауат Темірболатұлының айтуынша, фотосуреттің авторы – соғыс кезінде оберширрмайстер, яғни жылқылар мен көлікке жауапты аға қызметкер болып жұмыс істеген Густав Швант. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ол Норвегияда неміс тау-атқыштар әскерінің құрамындағы екінші тау-атқыштар дивизиясында қызмет еткен.
– Неміс концлагерінен түсірілген фотосуреттер жақында ғана аукционға шығарылды. Фотосуреттердің жеке коллекцияларға өтіп, зерттеушілер үшін қолжетімсіз болып қалмауы үшін ол жақтағы еріктілер бізге көмектесті. Ослодағы танысым Рамиль Кафаров көмекке келіп, аукционға қойылған жеті фотосуреттің төртеуін сатып алуға көмектесті. Соның бірі – Рүстембек атамыздың бейнесі, – дейді Салауат Темірболатұлы.
Жақын арада норвегиялық зерттеушілер Рүстембек Омаровтың өзі жасаған домбырасын Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясына табыстайды деп күтілуде.
Айта кетелік, Рүстембек Омаров небәрі 15 жасында Ахмет Жұбановтың назарына ілігіп, жаңадан құрылған Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестріне домбырашы болып қабылданған. Ахмет Жұбанов жас орындаушының шеберлігін жоғары бағалаған. Ол өзінің «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде күйшінің күйді «шегелеп», шапшаң, жай келетін буындарын бәрін де тастай түйіп, екпінін ауыстырмай орындайтынын жазған.
Биыл дәулескер күйшінің туғанына 107 жыл толып отыр.