Павлодар облысында 1,6 миллиард теңгеден астам вейп тәркіленді
Өңірде электрондық тұтыну жүйелерін заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топтардың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының міндетін атқарушы Ғалиасқар Қасымовтың айтуынша, өңірде қаржылық қылмыстарға қарсы күрес және заңсыз тауар айналымының жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Соның ішінде электрондық тұтыну жүйелері мен оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз саудасына ерекше назар аударылған.
– Аталмыш жұмыстар нәтижесінде, Павлодар және Маңғыстау облыстарында электрондық тұтыну жүйелерін заңсыз сатумен айналысқан екі қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Заңсыз айналымнан 184 мыңнан астам вейп құрылғысы мен оларға арналған сұйықтық тәркіленді. Олардың мәлімделген құны 1,6 миллиард теңгеден асады, – деді Ғалиасқар Қасымов.
Сонымен қатар, Telegram мессенджері арқылы вейптерді заңсыз тарату дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталған. Тергеу материалдарына сәйкес, заңсыз сауда кальян өнімдерін сату түрінде бүркемеленген.
– Аталған іс аясында үш мыңнан астам электрондық тұтыну құрылғысы тәркіленді. Заңсыз саудаға Павлодар облысының жеті тұрғынының қатысы бар екені анықталды, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Еске сала кетейік, өңірде медициналық қызметтерді негізсіз тіркеу деректері анықталған. Қазіргі уақытта 2023-2024 жылдары медициналық қызметтер туралы жалған мәліметтер енгізіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қаржыландыру алу үшін деректерді бұрмалаған жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша, келтірілген залал 15 миллион теңгені құрайды.