Павлодарда жылуды реттеуге қатысты шағым көбейген
Жылу маусымы басталғалы мыңнан астам тұрғыннан өтініш түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Күлбаршын Арынова мәлімдеді.
– Павлодар қаласында 900-ден астам өтініш тіркелді. Екібастұзда – 25, Ақсуда 24 шағым түскен. Әрбір өтініш бойынша жұмыс жүргізілді. Негізінен, температураны реттеуге қатысты мәселелер көтерілген, – дейді ол.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС-ның мәліметінше, қазіргі уақытта жылу жүйелері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Іске қосу-баптау жұмыстарының барлығы дерлік аяқталған. Кәсіпорын өкілдерінің сөзінше, пәтерлердегі радиаторларды уақтылы шаю немесе үй ішіндегі құбырлардың тік магистральдарын ауыстыру арқылы жылудың жеткіліксіздігін жоюға болады. Жылу желілерінің мамандары тіркелген әр шағым бойынша пәтерлерге барып, жылыту жүйесін реттеуге көмектеседі.
Еске сала кетейік, биыл облыста 58 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіліп, шамамен 100 қазан ауыстырылды. Тағы 418 қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары орындалды.