Шыбын-шіркей Ертіс пен Железин аудан тұрғындарының мазасын қашыруда
Екі аудандағы авиаөңдеу аумақтарын арттыру мәселесі қарастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары барысында Ертіс ауданындағы жүргізіліп жатқан дезинсекциялық жұмыстарды бақылап қайтты. Аудан әкімі Болатбек Шәріповтың сөзінше, шіркейлер үш күн бұрын пайда болған. Бүгінде Ертіс, Қызылжар, Иса Байзақов ауылдарының тұрғындарынан шағымдар түсуде. Қансорғыштар Ертіс өзенінің жайылмасынан ұшып, түнгі уақытта ауылдарды қаптап кетеді.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның пайымдауынша, шыбын-шіркейлер тек Ертіс ауданында ғана емес, Железин ауданында да үймелеп, ұшуда.
– Ертіс ауданында дезинсекциялық жұмыстар 10 мың гектар аумақта жүргізілуде. Жоспар бойынша аймақтар әуеден өңделеді. Су әлі толығымен қайтпаған. Былтырғы жылға қарағанда жайылманы су басу деңгейі 1,5 есе көп, әсіресе солтүстік аймақтарда ол 90 пайызға жетіп тұр. Сондықтан шіркейлердің күн сайын ұшып шығуда. Біз әуе өңдеу тактикасын өзгертеміз. Егер өңдеуді жайылма бойымен жүргізсек, енді аумақты ұлғайту мақсатында өңдеу жұмыстарды көлденең жүргіземіз деген ой бар, – деді Әйгерім Қабылтаева.
Оның сөзінше, ғылыми топтың ұсынысымен дизенсекциялаудың екінші және үшінші кезеңі келесі аптада басталады.
Асайын Байханов климаттың өзгеруіне байланысты шыбын-шіркей де бейімделіп жатқанын атап өтті.
– Бізге де олар сияқты бейімделу керек. Жағдай тұрақты деуге болады, десе де шағымдар түсуде. Келесі жылға Ертіс пен Железин аудандарының өңдеу аумақтарын ұлғайту керек. Әсіресе төменде орналасқан аудандар бойынша жұмысты күшейту қажет, – деді облыс әкімі.
Еске сала кетейік, биыл әуеден өңделетін алқаптың жалпы ауданы 127 мың гектарды құрайды. Бұл Павлодардың жағалау аймағын, Ақсу, Ақтоғай және Тереңкөл жайылмаларын қамтиды, сондай-ақ, алғаш рет Ертіс және Павлодар аудандарының да жайылмалары өңделеді.