Павлодарда Наталья Капустинаның «Золотые ворота» кітабы таныстырылды

Павлодарда Наталья Капустинаның «Золотые ворота» кітабы таныстырылды
Фото: автордан

Онда автордың 20 жылдан астам уақыт бұрын жазған естеліктері топтастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада танымал педагог Наталья Капустинаның «Золотые ворота» атты кітабының тұсаукесері өтті. Қолжазба Наум Шафердің музей-үйінің қызметкерлері отбасылық архивті зерттеу барысында кездейсоқ тауып алған. Наталья Капустина естеліктерін көпшілікке жариялау үшін емес, өз өмір жолын қағазға түсіру мақсатында жазған. Алайда ұзақ жылдар бойы үй архивінде сақталған жазбалар оқырманға беймәлім болып келген.

Наум Шафердің музей-үйінің директоры Мағзия Әбенова қолжазбаның құндылығын бағалап, оны кітап етіп шығаруға шешім қабылдаған.

– Қолжазбаны қолға алып, оқи бастаған сәтте-ақ бұл кітаптың оқырманға ұсынылуға лайық екенін сездік. Содан кейін жергілікті жазушы Юрий Поминовке жүгіндік. Ол қолжазбамен танысып, кітап шығаруға жеткілікті материал бар екенін айтты, – деді Мағзия Әбенова.

Кітапты дайындау барысында Наталья Капустинаның өлең жазғаны да белгілі болған. Оның жақындары мен әріптестері педагогтің шығармашылық қыры туралы біле бермеген. Ольга Григорьева мұны автордың қарапайымдылығымен байланыстырады.

– Біз Натальямен көп жыл араластық, бірақ оның өлең жазатынын білмедік. Ол шығармашылығы туралы бізге де айтқан емес. Бұл – оның қарапайымдылығын, өзіне сын көзбен қарайтынын көрсетеді. Өлеңдері қарапайым болғанымен, біз үшін маңызы зор. Өйткені бұл оның дарындылығының тағы бір қырын танытады. Кітап өз оқырманын табады деп сенемін, – деді Ольга Григорьева.

«Золотые ворота» кітабында автордың соғыс жылдарындағы балалық шағы, мектепте оқыған кезеңі, студенттік жылдары және педагогикалық қызметке алғаш қадам басқан сәттері баяндалады. Жеке естеліктер арқылы оқырман сол дәуірдің тынысымен, қоғамдағы өзгерістермен және ұстаздық жолын таңдаған жанның өмірімен таныса алады.

Басылымның бір бөлігі Наталья Капустина мен оның жұбайы Наум Шафердің отбасылық тарихына арналған. Наум Шафер Павлодар өңірінің мәдени өмірінде өзіндік із қалдырған композитор, әдебиеттанушы әрі грампластинкалардың бірегей коллекциясын жинаушы ретінде танымал.

Естеліктерде ерлі-зайыптылардың студенттік жылдары қалай танысқаны, кейін Шығыс Қазақстанға қоныс аударып, сол өңірде еңбек еткені туралы да айтылады.

«Золотые ворота» – бір адамның өмір жолын ғана емес, тұтас бір дәуірдің тынысын танытатын естелік. Кітап оқырманға Наталья Капустинаның тұлғасын тереңірек танып, оның өмірі мен тағдыры Павлодардың мәдени тарихымен сабақтасқан жандар туралы тың деректер білуге мүмкіндік береді.