Асайын Байханов: Біздің міндетіміз – өз іс-әрекеттерімізде әділ және адал болу
Облыс әкімі өңір тұрғындарын Конституция күнімен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Қадірлі жерлестер! Бүгін біз ең маңызды мерекелердің бірін атап өтудеміз. 28 жыл бұрын осы күні еліміздің негізгі заңы қабылданды. Қазақстан Республикасының Конституциясы саясаттағы және әлеуметтік өмірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ететін, ұлтаралық бейбітшілік пен достықты нығайтатын конституциялық нормалар мен қағидаттардың берік іргетасына негізделеді, – деп жазды аймақ басшысы Іnstagram парақшасында.
Облыс әкімі 2022 жылғы 5 маусымда павлодарлық сайлаушылардың көпшілігі ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен саяси реформаларға бағытталған конституциялық өзгерістерге қолдау білдіргенін атап өтті.
– Жаңа Конституцияда бүкіл елді трансформациялау процесінің негізі қаланып, ел дамуының басым бағыттары бекітілді. Біздің міндетіміз – осы құндылықтарды қадірлеу, еліміздің тарихын жадымыздан шығармау, заңдарды сақтау, өз ойларымыз бен іс-әрекеттерімізде әділ және адал болу, – деді Асайын Байханов.
Аймақ басшысы осынау айтулы күні әрбір жанға бақытты және табысты өмір, денсаулық тіледі.