Павлодарда ауа райының қолайсыздығына байланысты субұрқақтар мамырдың басында іске қосылады

Павлодарда ауа райының қолайсыздығына байланысты субұрқақтар мамырдың басында іске қосылады
Фото: Константин Шелков

Жалпы облыста 28 субұрқақты іске қосу жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов мәлім етті.

–  Жалпы, шаһарда барлық субұрқақтар іске қосылуға дайын, – дейді Әнуарбек Аманов. –  Яғни, сорғылар, ішкі жабдықтар, электрмен жабдықтау тексеріліп, жөнделді. Ауа райы жылынғаннан кейін, шамамен мамырдың басында іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. 

Спикердің айтуынша,   Павлодар қаласы бойынша субұрқақтарды қайта құруға арналған бес жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Ағымдағы жылы бюджет қаражаты бұл мақсатқа бөлінсе, олар іске асырылатын болады. 

–  Қайта құруға арналған жобалар «Айналайын» саябағындағы, хим қалашықтағы, Ломов-Сәтбаев  көшесіндегі және бейбітшілік саябағындағы және әскери даңқ саябағындағы субұрқақтар бойынша дайындалды, – дейді Әнуарбек Аманов. –  Әсіресе қайта құру хим қалашықтағы субұрқаққа қажет. Себебі ол қараусыз қалған. Онда тостағанды толығымен жаңарту, электр жабдықтарын, сорғы жабдықтарын ауыстыру керек. 

Айта кетейік, Екібастұз қаласында төрт субұрқақ бар. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оларды іске қосу бірінші маусымға жоспарланып отыр. Ал, Ақсу қаласында төрт субұрқақтың үшеуі іске қосылуға дайын.