Асайын Байханов машина жасау зауытының жас жұмысшыларымен кездесті

Асайын Байханов машина жасау зауытының жас жұмысшыларымен кездесті
Фото: Валерий Бугаев

Облыс әкімі «ERG Service» АҚ Еуразиялық тобының сервистік компаниясына барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мұнда тау-кен-металлургия, мұнай-газ салаларына арналған металл құрылымдар мен стандартты емес технологиялық жабдықтар, сондай-ақ, жүк көтергіші 10 тоннадан асатын крандар шығарылады.

Асайын Байханов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұржан Әшімбетов, Жарқынбек Амантай, Вера Киммен бірге өндірістік учаскелермен танысты. Жүк көтергіш механизмдер цехында машина жасау зауытының жас жұмысшыларымен кездесу өткізді.

Облыс әкімі жұмысшы мамандықтар өңір экономикасының негізі болып қала беретінін және бүгінгі таңда еңбек нарығында барынша сұранысқа ие екенін атап өтті.

Облыстағы зауыттар мен кәсіпорындардың жұмысшыларын қолдау мақсатында іс-шаралар кешені жоспарланған.

– Өңір дамуда, жаңа кәсіпорындар құрылатын болады, жабдықтар жаңғыртылуда, әрине, мұның барлығы жаңа міндеттерді тудырады. Біліктілікті үздіксіз арттыру мақсатында техникалық және кәсіптік білім беру трансформацияланатын болады. Сондай-ақ, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселесі пысықталуда, – деді аймақ басшысы.

Өңірде жұмысшы кадрларды даярлау үшін бірінші болып «Өңірдің жаңа мамандықтар атласы» жобасы іске асырылды. Колледж оқушыларын тәжірибе мен тағылымдамаға бөлу кезінде кәсіпорындарда шоғырландыру және әлеуметтендіру принципі қолданылады.

Облыс әкімімен және мәжіліс депутаттарымен кездесуде жас жұмысшылар өздерінің мамандық таңдауы және болашаққа жоспарлары туралы айтты.