Жауын кесірінен Павлодарда орақ науқанының уақыты шегерілді

Егін жинау жұмыстары қазан айының алғашқы онкүндігінде аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биылғы орақ науқанының сәтті өтуі өңірдің техникалық қамтылуы мен қаржылық қолдауының тиімді үйлесімінің нәтижесі болып отыр. Ауа райының күрделі жағдайларына қарамастан, аймақ егін жинауды қарқынды жүргізуде.
– Жұмысқа екі мыңнан астам трактор мен комбайн және мыңнан астам жатық тартылған. Жиналған астықты тасымалдау үшін екі жарым мыңға жуық автокөлік және мыңнан астам тіркеме пайдаланылуда, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.
Күнделікті орта есеппен 25–27 мың гектар алқап жиналуда. Дегенмен, жауын-шашын мен ылғалдылықтың кесірінен орақ жұмыстарын аяқтау уақыты өзгерді. Енді егін жинау жұмыстары қазан айының алғашқы онкүндігінде аяқталады деп жоспарлануда.
Ағымдағы жылы жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 33 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бұл жүз пайыз қажеттілікті жапты. Операторлық қызметтерді қоса есептегенде бір литр отынның бағасы 244 теңге, бұл нарықтық бағадан 21,5 пайызға төмен.
– Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өндірушілері 28 мың тоннаға тапсырыс берген, оның 18 мыңнан астам тоннасы төленіп, 15 мың тоннасы жеткізілді. Бұл жүйенің тиімді жұмыс жасап жатқанын көрсетеді, – деді ол.
Өсімдік шаруашылығын қолдауға алты миллиард теңге бөлініп, толық игерілді. Бұл қаржы тұқым сатып алу, тыңайтқыш, гербицидтер, су жеткізу және басқа да шығындарды жабуға бағытталды.
Бұған дейін, Аққулы ауданы республика бойынша қарбыздан ең жоғары өнімділігін көрсетті. Олар биыл 1 910 гектар жерге қауын-қарбыз екті.
Еске сала кетейік, жуырда Асайын Байханов Президентке өңірдегі егін жинау жұмыстарының барысын айтып берді.