Асайын Байханов павлодарлықтарды Абай Құнанбайұлының мерейтойымен құттықтады

Асайын Байханов павлодарлықтарды Абай Құнанбайұлының мерейтойымен құттықтады
Фото: Валерий Бугаев

Биыл ұлы ақынның туғанына 180 жыл толып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өз құттықтауында өңір басшысы Абай мерейтойының тек бір тұлғаның ғана емес, тұтас ұлттың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

– Кең даланың кемеңгер перзенті, есімі әлемдік әдебиет пен философия тарихында алтын әріппен жазылған Абай – қазақ халқының ой-санасын оятқан, ұлтты білім мен ізгілікке үндеген дара тұлға, – деп санайды әкім.

Асайын Байханов Абай Құнанбайұлының қазақ халқы тарихындағы рөлін ерекше атап өтті. Ол Абай шығармаларының бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпағанына назар аударып, оның қара сөздері мен өлеңдерін «шындықтың шамшырағы, адамдықтың айнасы» деп сипаттады.

– Жүрекке жүк түскен шақта мен Абайдың мына бір асыл сөзін еске аламын: «Талап, еңбек, терең ой…». Иә, талап пен еңбек, терең ой – бұл өмір жолындағы ең сенімді серік, асулардан асар ақ жолдың тұтқасы, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі барлық азаматтарды ұлы ойшылдың аманатына адал болуға, оның мұрасын ардақтап, өсиетін кейінгі ұрпаққа жеткізуге шақырды.