Павлодарда жазға дейін балалар алаңдары жаңартылады

Павлодарда жазға дейін балалар алаңдары жаңартылады
Фото: Константин Шелков

Қазіргі таңда олардың басым бөлігі дайын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда көпқабатты үйлердің аулаларында заманауи әрі қауіпсіз балалар ойын алаңдарын орнату бойынша ауқымды бағдарлама жалғасуда. Соңғы төрт жылда қалада 470-тен астам аула абаттандырылды.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Амановтың айтуынша, 1 маусымға дейін 18 балалар алаңын орнату жоспарланған, олардың 12-сі дайын. Жыл соңына дейін тағы 50 аула абаттандырылады деп күтілуде.

– 2021 жылы – 107 аула, 2022 жылы – 175 алаң, 2023 жылы – 100, ал өткен жылы 92 алаң орнатылды, – деп атап өтті Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов. – Келесі жылы қалған 43 ауланы қамтып, бағдарламаны жүз пайыз аяқтаймыз.

Жаңа балалар алаңдары 14 ойын элементінен тұрады, сондай-ақ орындықтар, қоқыс жәшіктері мен биіктігі кемінде 70 см болатын қоршаулар қарастырылған. Барлық аймақтар стандарттарға сай: бетон негізге ойын модульдері анкерлік болттар арқылы бекітіліп, тұрақтылығы мен ұзақ мерзімділігі қамтамасыз етілген. Павлодарлықтардың сұранысы бойынша элементтер саны арттырылып, қосымша әткеншектер, сырғанақтар мен дамытушы құрылымдар қосылды. Құрылысшылар тек «Романа» компаниясының сертификатталған бұйымдарын қолдануда.

Қала тұрғындары бұл іске белсенді қатысуда. Тұрғындар өтініш берген соң әкімдік қызметкерлері мекенжайларды жинап, жылдық жоспар құрастырады. Осылайша Сатбаев көшесі, 245 мекенжайындағы аула тізімге енді.

Біз бұл жерде 21 жыл тұрамыз, мұндай алаң туралы тек армандайтын едік. Бәрі әдемі, сапалы әрі қауіпсіз. Үйіміздің атынан үлкен алғыс білдіреміз, – деді Олжабай батыр көшесі, 15-ші үйдің тұрғындары.

Қалалық билік бұрын алаң орнатуға мүмкіндік болмаған мекенжайларға ерекше назар аударуға тырысуда.