Мектептерге жаңа кейіп: Екібастұзда ауқымды жөндеу жүргізілді

Шаһарда білім беру нысандарын жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласында биыл бірқатар мектепте ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы қала әкімі Аян Бейсекин хабарлады.
Оның айтуынша, 2025 жылы №9, 13, 14, 16 және 17 мектептерде күрделі жөндеу жүргізілсе, қалған 23 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылған.
– Мектептерде ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары ғана емес, сонымен қатар аумақты абаттандыру, спорттық инфрақұрылымды жаңарту бағытында да көп іс атқарылды, – деді қала әкімі.
Аян Бейсекин бүгін №18 мектепке барып, ондағы жаңартылған нысандарды аралады. Бұл білім ошағында биыл қоршау жаңартылып, ғимараттың қасбеті жөнделіп, аула асфальтталып, жаңа футбол алаңы орнатылған.
Соңғы үш жылда облыс әкімінің қолдауы арқылы қаладағы 25 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаспақ.