Тең мүмкіндік: Павлодарда реабилитологтар баладарды қалай аяққа тұрғызуда?

Жоба аясында 53 бала арнайы техникалық құралдармен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдері жұмыс сапары аясында қаламыздағы әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығында болып қайтты. Олар облысымызда жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобаның жұмысымен танысты.
Жоба Қазақстанның төрт өңірінде іске қосылды. Атап айтқанда: Абай облысы, Шымкент, Қызылорда және Павлодар аумағында. Бүгінгі күні жобаға өңіріміз бойынша елу үш бала қатысып жатыр.
— Қазіргі уақытта жиырма сегіз балаға үйде реабилитация жұмыстарын жүргізу үшін арнайы жабдықтар беріліп жатыр. Бес бала оңалту курсын толығымен аяқтады, 18 бала қазір процесс үстінде, — деді ғылыми орталықтың басшысы Роза Қадырбекова.
Балаларды үй форматындағы оңалтуға көшірмес бұрын оларды біздің мамандар тобы толықтай тексереді. Кейін дәрігерлер бүлдіршінге сәйкес келетін техникалық оңалту құралын таңдап, жеке қажеттіліктеріне қарай баптайды. Келесі кезекте ата-аналар арнайы онкүндік оқытудан өтеді. Оны орталықтың мамандары өткізеді.
— Арбаны алты айға, алдыңғы вертикализаторды үш айға береміз. Кейін артқы вертикализатор беріледі, ол басқа бұлшықет топтарын шынықтырады. Соңғы кезеңде балаға ходунок беріледі, — деді реабилитолог дәрігер Арман Турсунбаев.
Жабдықтардың арқасында қазір сегіз бала басын нық ұстай алады. Өзге сегіз бүлдіршін вертикализатордың көмегімен тұра алады. Ал жеті бала мамандардың сүйемелдеуімен жүріп үйренуде.
Орталыққа жүгінген ата-аналардың сөзінше бұл жоба балалардың дамуына керемет мүмкіндік.
— Біз жобаға қайта куәландырудан өткен соң, СМС хабарлама алып қатыстық. Виталинаның жағдайына тек арба жарады. Ол біздің құтқарушымызға айналды, — деді Виктория Берет. — Арман Серикович барлық баптауларды дұрыс жасап берді, ал мамандар әрдайым байланыста болып, көмектесіп, бақылап отырды. Алты айдың ішінде айтарлықтай жақсарулар байқалды.
Викторияның пайымдауынша, қызы арбаның арқасында күнделікті үй шаруашылығына көмектесе бастады. Буындары қатайып, аяғының ауырғаны басылды.
Ал орталыққа жүгінген Гүлмира Ахметова үшін бүгінгі күн ерекше. Жобаға қатыспай тұрып, отбасы көптеген қиындықтарға тап болған еді. Қымбат жабдықтарды сатып алу мүмкін емес еді, ал орталыққа бару уақыт пен қаржыны көп қажет ететін.
— Енді мен тренажёрларды қайдан сатып аламын немесе орталыққа қалай барамын деген уайымдардан арылатын болдым. Енді барлық қажетті жабдықтар үйімізде бар, сондықтан ұлыммен қалаған уақытымда, тіпті демалыс күндері де айналыса аламын, — деді Гүлмира Ахметова.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын үйлестіру орталығының жетекшісі Шыңғыс Шарапиевтің сөзінше, бұл бірреттік жоба емес.
— Егер нәтиже оң болса, онда бұл тәжірибелер кейін бүкіл ел бойынша кеңейтіледі. Осылайша, ұлттық оңалту жүйесін дамытып, ерекше қажеттіліктері бар әрбір балаға тең мүмкіндік беруге жол ашады, — деді Шыңғыс Шарапиев.
Айта кетейік, жұмыс сапары барысында қор мүшелері қаламыздағы оңалту орталықтарында болып, Заря ауылындағы мектепке барып келді.