Партиялықтар «Ертіс-Қарағанды» каналының жағдайына алаңдаулы
Су арнасының қазіргі күйі адам шығынына әкеп соқтыруы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«АМАНАТ» партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Костенконың пікірінше, мемлекеттік сатып алудағы олқылықтар мен арам пиғылдағы мердігерлер мәселесін түбегейлі шешетін уақыт жетті. «Ертіс-Қарағанды» каналындағы жағдай осыған дәлел.
- Нөмірі 87 бөгетте апаттық бөлік бар. Мердігер жұмыстардан шеттетілді. Алайда ол бөгеттің бір бөлігін бұзып, кейбір жұмыстарды істеп үлгерген. Су жерге сіңе бастады. Міне, мемлекеттік сатып алудағы олқылықтар осындай біліктілігі жоқ мердігерлердің жұмысқа кірісуіне мүмкіндік беріп тұр. Артынша бұл адам шығынан әкеп соқтыруы ықтимал, - деді Олег Костенко.
Партия мүшесі мемлекеттік сатып алу процессінде ірі холдингтер тәжірибесін қолдануды ұсынды. Ол бойынша өтетін конкурсқа тек арнайы аттестациядан өткен мердігерлер қатыса алады. Олег Костенконың пікірінше, бұл өзіне қойылған міндетті лайықты түрде атқара алатын мердігер табуға жол ашар еді.
Айта кетейік, қазіргі кезде «Қазводхоз» РМК тиесілі Қ. Сәтбаев атындағы канал» 4 гидротораптың 87 бөгеті апаттық жағдайда. 2019 жылы күрделі жөндеу жұмыстары өткізілген еді. Алайда жұмыс сапасыз жүргізіліп, іс соңына дейін жеткізілмеген. Бүгінде канал жөндеуді қажет етеді.
Каналдағы ақаулар апатқа және құрылыстар тізбегінің бұзылуына әкеп соқтырып, Ертіс өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Канал Павлодар, Қарағанды мен Ақмола облыстарындағы тұрғындар мен кәсіпорындарды сумен қамтиды.