Асхат Аймағамбетов: Жаңа Конституция - тұрақтылық, сенім және даму кепілі

Асхат Аймағамбетов: Жаңа Конституция - тұрақтылық, сенім және даму кепілі
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты жалпыұлттық коалициясы аясында 9 өңірде болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаты  Асхат Аймағамбетов өзге әртіптестерімен бірге соңғы апталарда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының құрамында өңірлерді аралап, халықпен жүздесті. Ол тоғыз өңірде мыңдаған азаматпен кездескенін тілге тиек етті. Онда түрлі пікірлер айтылған. Яғни қолдау да бар, сауал да бар, күмән да бар. 

- Бұл – қалыпты құбылыс. Себебі әңгіме елдің басты құжаты туралы болып отыр. Біз бір нәрсені ашық мойындауымыз керек: соңғы жеті жылда Қазақстан бұрын-соңды болмаған ауқымды өзгерістерді бастан өткерді. Президент бастамасымен төрт саяси реформалар пакеті жүзеге асты. 2022 жылғы конституциялық өзгерістер де ел дамуының жаңа кезеңін айқындады, - деді ол. 

Асхат Аймағамбетов әлемдегі геосаяси ахуалдың өзгеруі мен жасанды интеллект дәуірінің басталуы мемлекеттің негізгі құжатын заман талабына сай қайта қарауды өзекті етіп отырғанын айтады. Былтыр қолданыстағы Конституцияның 30 жылдығы аталып өтті. Осы уақыт ішінде Ата Заңға енгізілген өзгерістерді ескерген көптеген заңгерлер жаңа редакцияда қабылдауды қолдап отыр.

- Кездесулерде халықты мазалаған басты сұрақтардың бірі – білім мен медицина саласындағы тегін қызмет көрсету мәселесі. Өкінішке қарай, «енді бәрі ақылы болады» деген жалған ақпарат таралуда. Мұндай алыпқашпа әңгімелер қоғамда негізсіз алаңдаушылық туғызады. Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Бұл қағидат сақталады. Жаңа Конституция жобасында ол нақты әрі айқын бекітілген. Бүгінде мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады. Бұл – нақты көрсеткіш, - деді депутат.

Депутаттың айтуынша, Ата Заңның 1-бабында «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Жаңа жобада азаматтардың негізгі әлеуметтік қызметтерді ақысыз алу құқығы толық сақталады.

- Тағы да нақты айтайын, білім де, медициналық көмек те азаматтар үшін қолжетімді әрі ақысыз болып қала береді. Бұл қызметтер бұрын да бюджет есебінен қаржыландырылды, алдағы уақытта да солай болады, - деп нақтылады. 

Халық қалаулысы Конституциядан «мемлекеттік жоғары оқу орындары» деген тіркесті алып тастау ұсынылғанын, алайда ол – әлеуметтік кепілдікті қысқарту емес, керісінше, білім алу мүмкіндігін кеңейту екенін жеткізді.

- Қазір мемлекеттік грант иегерлері тек мемлекеттік емес, жекеменшік университеттерде де тегін оқи алады. КИМЭП, Мақсұт Нәрікбаев Университеті, Тұран сияқты оқу орындары – соның айқын мысалы. Егер студент грант жеңіп алса, оның қай оқу орнында білім алатынын меншік формасы емес, сапа мен таңдау еркіндігі айқындауы тиіс. Бұл – әділдік, - дейді Асхат Аймағамбетов.

Қоғамдық талқылауда жиі көтерілген тағы бір мәселе – сөз бостандығы.

Жаңа Конституция жобасында сөз бостандығы нақты бекітілген. Сонымен қатар, сын айту құқығы мен адамның қадір-қасиетін әдейі қорлау ұғымдарының ара-жігі айқын ажыратылған.

Лауазымды тұлғаларды сынауға, олардың қызметіне қатысты пікір білдіруге заңды мүмкіндік бар. Алайда жеке тұлғаны кемсітуге және қорлауға жол берілмейді. Адамның ар-намысы мен абыройын қорғау – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі.

Бұл норма халықаралық тәжірибеге сай келеді және қолданыстағы заңнамада да бұрыннан бар қағидаттарға негізделген.

Ал арнайы құқықтық режим енгізу мәселесі де қоғамда кеңінен талқыланып жүр. 

Депутаттың айтуынша, бұл норма елдің экономикалық егемендігін күшейтуге бағытталған. Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі және аумақтық тұтастығы – өзгермейтін басты құндылықтар болып қала береді. Мемлекеттің унитарлық құрылымы мен толық бақылауы сақталады.

Арнайы құқықтық режим ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ұзақмерзімді кепілдік береді. Мысалы, Алатау қаласы немесе Астана халықаралық қаржы орталығы деңгейіндегі жобалар ауқымды әрі тұрақты инвестицияны талап етеді.

Асхат Аймағамбетов өз сөзін қорытындылай келе, Жаңа Конституцияда заман талабына жауап беретін, прогрессивті қоғамның сұранысына сай келетін және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды нормалар қамтылғанын айтты. Сонымен бірге ол референдумға аз уақыт қалғанын еске салып, өңірлерде халықпен кездесіп жүрген әріптестерін қоғамдық пікірге талдау жасап, азаматтарды толғандырған мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға шақырды.