Павлодарда оқушылар құтқарушы болып бақ сынады

Павлодарда оқушылар құтқарушы болып бақ сынады
Фото: Константин Шелков

Павлодарда «Жас құтқарушы-2026» облыстық жарыстары өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шараға Павлодар облысының барлық аудандары мен қалалық кезеңінің жеңімпаздары қатысты. Әр команда 7–8 оқушыдан жасақталды. Жалпы жарысқа 7–10 –сыныпта оқитын 80 оқушы қатысты.

Ауқымды байқауды ұйымдастырған облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Думан Қыдырмоллаевтың айтуынша, жарыстың мақсаты тек сайыс өткізу емес, балаларға өмір қауіпсіздігі ережелерін, өрт және басқа да төтенше жағдай кезіндегі дұрыс әрекеттерді, сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын үйрету болды.

– Бірнеше кезең дайындалды. Яғни, қатысушылар «Таныстыру», «Өрт эстафетасы», «Алғашқы көмек көрсету», «Техногендік апат аймағындағы авариялық-құтқару жұмыстары» және «Су айдынындағы құтқару жұмыстары» аталымдарында бақ сынады, – деді ол.

Ең әсерлі кезең – өрт эстафетасы болды. Онда оқушылар өрт сөндіруші мамандығының барлық қиындықтарын сезінді.

Олар кедергілерден өтіп, өрт сөндіргіштерді тасымалдап, өрт шлангілерін жалғап, арнайы киім киіп, зардап шеккен адамды зембілмен эвакуациялады.

– Бірінші қатысушы 75 сантиметрлік қоршаудан өтіп, екі өрт сөндіргішті арнайы алаңға апарады. Кейін эстафета келесі қатысушыға беріліп, ол өрт шлангілерін қосады, – деді №7 өрт сөндіру бөлімі қарауыл бастығы Сергей Борт.

Оның айтуынша, қателіктер үшін айып уақыты қосылады, мысалы, өрт сөндіргішті түсіріп алу немесе жабдықтарды дұрыс жалғамау.

Жарысқа қатысушылардың ішінде Галкино ауылынан келген үш дүркін чемпион команда да болды.

– Мен командамызда медицина бағытына жауаптымын, – деді Александра Маслацова. – Бізге алғашқы көмек көрсету, қан тоқтату, жүрек-өкпе реанимациясын жасау үйретіледі. Мен әрқашан өрт сөндіруші болуды армандадым.

Облыстық жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар республикалық кезеңде Павлодар облысының намысын қорғайды. Жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады.