Астана филармониясының камералық хоры Павлодарда өнер көрсетеді
«Жанымды тербеткен әуен» концерті қазақ ән өнерінің сұлулығына және қазақ рухының шынайы үніне толы болмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
12 желтоқсанда кешкі сағат 18:00-де Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясының концерт залында Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хорының концерті өтеді. Бұл кеште қазақтың халық әндері мен Қазақстан композиторларының хорға арналған шығармалары жаңа көркемдік сипатта орындалады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамованың жетекшілігіндегі камералық хор дәстүр мен заманауилықты, академиялық дәлдік пен эмоциялық әсерлілікті үйлестіре отырып, көрерменге ерекше рухани бірлік пен толғаныс сәтін сыйлайды. Хор әртістерінің орындауындағы дәстүрлі халық әндері мен Қазақстан композиторлар мектебінің шебер туындылары қазіргі тыңдарманға жақын әрі түсінікті жаңа үн табады. Әрбір нотадан туған жерге, оның әуеніне, тілі мен мәдениетіне деген шексіз сүйіспеншілік сезіліп тұратын нәзік те әсерлі әуен ешкімді әсерсіз қалдырмайды. Көрермендерді ұлттық музыканың байлығын көпдауысты хор арқылы жаңаша қырынан ашатын, әрбір шығарма шынайы жаңа үнмен естілетін қайталанбас атмосфера күтіп тұр.
Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хоры 2004 жылы құрылған және бүгінгі таңда еліміздің хор өнерін халықаралық деңгейде абыроймен таныстырып келеді. Ұжым халықаралық байқаулар мен фестивальдердің жүлдегері. Дәл осы астаналық хорға 25 елден 500-ден астам қатысушыны біріктірген ауқымды халықаралық «Астана – бейбітшілік үні» фестивалін ашу сеніп тапсырылды. Биылғы жылдың ақпан айында Камералық хор Оңтүстік Кореяның Чеджу аралында өткен IX Халықаралық хор фестивалінің ашылуында зор табыспен өнер көрсетті.