Павлодарда қызғаныш сезімі трагедияға ұласты
Қазір іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақта биыл да, былтыр да тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында тоғыз адам өлтіру қылмысы тіркелген. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ағымдағы жылдың қазан және қараша айларында мұндай ауыр қылмыстарға жол берілмеген. Алайда биылғы деректердің ішінде әйел адамдар жасаған екі адам өлтіру фактісі орын алды.
Алғашқы жағдай Ақсу қаласында болған. Көп жыл бірге тұрып келген ерлі-зайыптылардың ортақ балалары болмаған, алайда бұрынғы некелерінен туған ересек балалары бар. Қылмыс тұрмыстық жанжал кезінде жасалған.
Марқұмның әйелі тергеу кезінде күйеуінің үнемі психологиялық қысым көрсететінін, ішімдік ішкен кезде ұрсысып, айқайлап, ыдыс-аяқ сындырып, қорлап, балағаттайтынын айтқан. Әйелдің сөзінше, ол ұзақ уақыт бойы осындай әрекеттерге шыдап келген, бірақ ешқашан полицияға шағымданбаған. Әйел күйеуімен кезекті жанжал үстінде оған пышақ салған. Ер адам оқиға орнында қаза тапты. Бұған дейін көршілерден немесе туыстардан бұл отбасы жайлы шағым түспеген.
– Бұл – әйелдер тарапынан жасалатын басты қателік. Олар уақтылы көмек сұрамайды. Егер уақытында полицияға жүгінсе, отбасы бақылауға алынып, мұндай қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді, – деді облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің аға инспекторы Индира Жүсіпова.
Екінші оқиға Павлодарда тіркелген. Бірге тұрған ерлі-зайыптылар үнемі ішімдік ішіп, арнайы бақылауда тұрған. Оқиға күні ер адам жұмыста болып, әйеліне хабарласқан, алайда ол телефонды көтермеген. Осыдан кейін қызғаныштан туған жанжал кезінде әйел ер адамды өлтірген.
Тексеру барысында бұл отбасының бұрын да полиция шақырғаны анықталған, алайда әйел арызын қайтарып алып отырған. Осы жағдайға байланысты жауапты учаскелік инспектор тәртіптік жазаға тартылды.
Индира Жүсіпованың сөзінше, қазір «қайталанушы» арыздары бар отбасыларға профилактикалық бақылау күшейтілген.
Еске сала кетейік, өңірде 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық тіркелген қылмыстар саны 2,3 пайызға өсіп, 129-дан 132 фактіге жетті.