Астана маңынан екінші әуежай салынуы мүмкін
Астананың Бас жоспарында қаладан Қарағанды бағытында шыға берісте, елорда шекарасынан 20 шақырымдай қашықтықта екінші әуежайға орын резервтеу қажеттігі айтылған. Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Аян Смағұлов редакцияға жолдаған жауабында осы нысан туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңа әуежайды жоспарлауға қатысты айтсақ, перспективада ықтимал орналастыру үшін аумақты резервтеу туралы шешім қабылданған. Бұл шешім «Астана қаласын жоспарлау және салу» нормативтік талаптарына сәйкес келеді. Қолда бар халықаралық әуежайды және оны одан әрі дамыту жоспарларын ескере отырып, мұндай шешім болашақта техникалық-экономикалық негіздемені біржақты орындауды талап етеді», - делінген жауапта.
Басқарманың дерегінше, әзірге екінші әуежайдың аумағы, құрылыстың қандай көзден қаржыландырылатыны туралы мәлімет жоқ.
«Бас жоспарда жаңа әуежай үшін аумақты резервтеу қажеттілігі ғана белгіленген. Ал объектінің көрсеткіштері, қаржыландыру көздері және т.б. мұндай қажеттіліктің болмауына байланысты белгіленбеген», - деп жазады Аян Смағұлов.