Павлодар облысында қызылша ауруы Екібастұзда көбейген
Ал Ақтоғай мен Шарбақты аудандарында көрсеткіш керісінше төмен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім етті.
– Өңірде ағымдағы жылдың басынан бері 301 тұрғында «қызылша» диагнозы расталды. Оның ішінде Екібастұз қаласында – 121 жағдай, Павлодар қаласында – 106 жағдай, Ақсу қаласында 49 жағдай тіркелді, – дейді Батырбек Әлиев.
Айтуынша, аудандар бойынша бұл ауру түрі көбінесе Баянауылда тіркелген – тоғыз науқас. Павлодар ауданында – 3 жағдай, Тереңкөл, Железин, Успен, Май аудандарында – 2 жағдайдан, Ақтоғай және Шарбақты аудандарында – бір жағдайдан.
Айта кетерлігі, ауруды жұқтырғандардың саны көбейіп, қарқын алуда. Мәселен, қыркүйекте 13 жағдай ғана болса, қазан айында 38 жағдай тіркелген. Ал өткен қараша айында қызылшамен арурдың 165 фактісі анықталды. Желтоқсан айының бес күнінде 32 жағдай тіркелген.