Павлодарлық ғалымдар жануарлар әлемін цифрлық картаға түсіруде
Жоба екі жылдан бері жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде жабайы жануарлардың таралуын зерттеуге бағытталған ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Заманауи технологиялардың көмегімен аңдардың мекендеу аймағы, саны мен қозғалысы анықталып, арнайы карталар жасалуда. Бастама шаһарда өткен «Әйелдің білімі – болашақ ғылымның негізі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясында таныстырылды.
Жоба жетекшісі, PhD докторы, қауымдастырылған профессор Зарина Серғазинова зерттеудің негізгі бағытын түсіндірді.
– Жобаның мақсаты – Солтүстік-Шығыс Қазақстандағы аңшылық маңызы бар сүтқоректілердің таралуын геоинформациялық модельдеу және картографиялау. Біз қашықтықтан зондтау, фототұзақтар және ГИС технологияларын қолданамыз, – деді ғалым.
Зерттеу барысында фототұзақтар мен дрондар қолданылады. Жиналған деректер геоинформациялық жүйеге енгізіліп, жануарлардың нақты таралу аймақтары мен тығыздығы анықталады. Осылайша, биоалуантүрлілікті кешенді түрде бағалау мүмкіндігі артып отыр.

Жоба екі жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы зерттеу Ертіс Орманы мен Павлодар орман шаруашылығы аумағында жүргізілген. Нәтижесінде фототұзақтар арқылы 11 жануар түрі тіркеліп, қосымша деректер негізінде олардың таралу карталары жасалған. Биыл жоба Баянауыл ұлттық табиғи паркі аумағында жалғасады. Мұнда да фототұзақтар орнатылып, дрондар арқылы қосымша деректер жиналады.
– Көп жағдайда Қазақстанда зерттеулер бір ғана түрге бағытталады. Ал бұл жоба бірнеше түрді қатар зерттеп, олардың кеңістіктік таралуын салыстыруға мүмкіндік береді, – деді Зарина Серғазинова.
Жоба «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Оның нәтижелері табиғатты қорғау мекемелерінің жұмысына енгізіліп, өңірдегі жануарлар әлемін сақтауға бағытталған.
Бұған дейін, павлодарлық ғалымдар қуғын-сүргін тарихын жаңа еңбектермен толықтырды. Олар архив деректеріне сүйене отырып, бірқатар маңызды еңбектерді жарыққа шығарды. Еңбекте күштеп қоныс аудару, ГУЛАГ лагерьлеріндегі тағдырлар, кеңестік кезеңдегі дінге қарсы саясатқа қатысты құжаттар топтастырылған.
Ал павлодарлық әйел ғалымдардың ғылыми жұмысы халықаралық Scopus деректер базасына енетін басылымда жариялануға әзірленуде.