Павлодарда ұландықтарға бағалы кітаптар сыйға тартылды

Павлодарда  ұландықтарға  бағалы  кітаптар сыйға тартылды
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінде  қазақ халқының көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытұлының 135 жылдығы кеңінен аталып өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Алаш қайраткеріне  арналған  танымдық шараға  Павлодар қаласындағы  Бұқар жырау атындағы  әдебиет және өнер музейі әдебиет бөлімінің меңгерушісі  Абайхан  Жанболат,  «Қыр баласы»  қоғамдық қоры  облыстық филиалының  алаштанушысы  Рымбек Абзал және  әскери  бөлімнің  әскери  қызметшілері қатысты. 

–  Рухани-танымдық  кештің  атауын  «Азат рухтың алдаспаны – Жүсіпбек» деп атадық. Өйткені, көрнекті тұлға ұлттық мүдденің құндылығын ұғындыруда  еркіндік   мәселесіне   басым назар аударған.  Жаңа буын бүгінгі өркениет дүниелеріне  көңіл бөлуде Алаш зиялыларының мұраларымен сусындауы қажет, –  дейді 5512 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтар жөніндегі орынбасары, майор Арман Абдрасулов. 

      Іс-шара барысында арнайы  қонақтар бірнеше көркем романдар авторының  өмір жолы,  шығармашылығы, қызметі жайында сөз қозғады. Алаш кезеңінің белсенді қайраткерлері туралы тың ақпараттарға қанық болған сарбаздар әдебиет саласының мамандарына  өз сауалдарын жолдады. 

– Әскери бөлім  кітапханасының  жаңа  кітаптармен толыққандығы мен үшін үлкен қуаныш.  Өйткені,  жауынгерлік  қызметтен  бөлек  уақытымызда  рухани құндылығымыздың  артуына баса мән береміз. Ұлтына ұлы мұра қалдырған  саңлақтардың  шығармалары  әскери қызметшілер үшін бағалы қазына ретінде саналады деп ойлаймын, – дейді 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері  Бақытбек Алмат. 

Өзара  пікір алмасу  соңында  «Қыр баласы» қоғамдық қорының өкілі әскери бөлімге  Алаш қайраткерлері  жайында   көркем туындыларды табыстады.