Павлодарда дұрыс тұраққа қоймаған 2 мыңнан астам жүргізуші жауапқа тартылды

Өңір полицейлері жол ережесін бұзып, көліктерін дұрыс қоймаған жүргізушілерге қатысты рейдтер өткізуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізушілер көлігін жиі тыйым салынған жерлерге қойып, жаяу жүргіншілер мен басқа көліктерге кедергі келтіреді.
– Мысалы, Солнечный кентінде бір жүргізуші Higer маркалы көлігін жаяу жүргіншілер өткелінің дәл алдына қойып, жол ережесін бұзған. Осы әрекеті үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.
Полиция департаменті жол ережесінің бұзылуына куә болғандарды «102» нөміріне қоңырау шалуға немесе «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға болатынын ескертеді. Мұндай іс-шаралар көшедегі тәртіпті сақтауға және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.