Қазақстанда Қорғаныс министрі ауысты
Мемлекет басшысының Жарлығымен бұл қызметке Айдос Мырзахметов тағайындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Дәурен Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымынан босатылды.
Оның орнына Айдос Сәкенұлы Мырзахметов тағайындалды. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды.
Сонымен қатар, Президент жаңадан тағайындалған Қорғаныс министрін қабылдап, Қарулы Күштерді одан әрі дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді.
Кездесуде елдің қорғаныс қабілетін нығайту, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын арттыру және әскери басқару жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау барлық деңгейдегі қолбасшылық үшін негізгі басымдық болуы тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ Айдос Мырзахметовке әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын жетілдіру, әскери инфрақұрылымды дамыту, қару-жарақ пен техниканы жаңғырту, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде міндеттер жүктелді.
Президент әскердегі тәрбие жұмысын күшейтіп, сарбаздардың бойында жауапкершілік, тәртіп пен Отанға адалдық қасиеттерін қалыптастыруға ерекше назар аударуды тапсырды. Әскери қызметшілер мен олардың отбасыларын әлеуметтік қолдау мәселесі де көтерілді.