Павлодарда өткен конференция Иса Байзақовтың жаңа қырын ашты

Павлодарда өткен конференция Иса Байзақовтың жаңа қырын ашты
Фото: Айбек Жұматов

Шарада ақын туралы беймәлім тың деректер еске алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Достық үйінде қазақтың көрнекті ақыны, композиторы және қоғам қайраткері Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойына арналған ғылыми конференция өтті. Онда Иса Байзақовтың тек әдебиеттегі орны емес, оның музыка өнеріне қосқан үлесі де кеңінен қозғалды. Оның желдірмелерінің алғаш қазақ симфониясына айналдырылғаны еске алынды. Бұл туралы танымал қазақстандық өнер қайраткері Шахимардан Әбілов айтып өтті. 

Сіздер Исаны ақын ретінде білесіздер, бірақ музыкант ретінде біле бермейсіздер. Оның желдірмесін алғаш болып Евгений Брусиловский өңдеген. Бұл – қазақ музыка тарихындағы алғашқы күй-симфония, әрі әлемдік деңгейдегі туынды. Құдды Чайковский мен Рахманиновтың концерттері секілді, бұл туынды Америкадағы Карнеги Холл сахнасында үш мың көрерменнің алдында орындалып, жарты сағат бойы тік тұрып қол шапалақтаған сәт болған, – деді Шахимардан Әбілов.

Сонымен қатар, Иса Байзақовтың тұлғасы Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова секілді алыптармен қатар аталатынын тілге тиек етті. Өйткені Иса жүрген жерде айналасындағылар дауыстарын бәсеңдетіп, оның ойына, тіліне құрметпен қараған.

Біз Қаныш Сәтбаев, Ахмет Жұбанов сынды алыптарды қалай құрметтесек, Исаны да сол деңгейде бағалауымыз керек. Ол тек поэтикалық әлемде емес, музыкалық өнерде де биік шыңға көтерілген, – деді ақын.

Бұл конференция – Иса Байзақовтың тек өткеннің емес, бүгін мен болашақтың да рухани шамшырағы екенін тағы бір дәлелдеді.