Ақсу электр станциясында жарақат себептерін «құлыптайды»
Еліміздегі ең ірі электр станцияларының бірін ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова аралап шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Министр «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясының тарихы және мүмкіндіктерімен танысып, цехтерін аралап көрді. Ауқымды қайта жөндеудің арқасында энергия көздерінің қуаты 25 процентке артты. Станция елімізде өндірілетін электр энергиясының 17 процентін шығарады. Ол Ақсу ферроқорытпа зауыты мен Қазақстан электролиз зауыты секілді ірі кәсіпорындарды тоқпен қамтамасыз етеді.
«Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ кәсіпорындарында төрт мыңнан астам адам еңбек етеді. «ЕЭК» АҚ бас директоры Дүйсен Мерғалиевтің айтуына қарағанда, персонал қауіпсіздігі бірінші орында.
Еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік жөніндегі басшы Әлімхан Ерқожаев айтып өткендей, электр станциясында өндірістік жарақаттануды кеміту бағытында екі жоба іске асырылуда.
- Биіктікте жұмыс істеу – жарақат алудың бірден бір себебі. Біз 93 жұмыс орнын сертификатталған анкерлік линиялармен жабдықтадық. Екінші жоба – Lockout/Tagout жөндеу персоналын қорғауға арналған. Жүйе құрал-жабдықтарды энергия көздерінен автоматты түрде ажыратып, «құлыптау» арқылы олардың кенеттен қосылуына жол бермейді. Соның арқасында жұмысшылар құрал-жабдықтарды абайсызда қосып, өздерін қауіптен сақтай алады, - дейді Әлімхан Ерқожаев.
Министр ERG Тобында еңбек қауіпсіздігін қорғау бағытында халықаралық стандарттарды ұстанатынына көз жеткізіп, кәсіпорын жұмысына оң бағасын берді. Дегенмен, әлі де дамытар тұстар баршылық, деді ол.
Айталық, Светлана Жақыпова Ақсу электр станциясы жұмыскерлерін Мемлекет басшысының бұйрығымен әзірлеген 2023 жылға дейінгі ҚР қауіпсіз еңбек етудің тұжырымдамасымен таныстырды. Министр атап өткендей, 2023 жылы Қазақстан кәсіпорындарында 1474 адам жарақат алып, 251 адам опат болды. Жаңа құжаттың мақсаты – еңбек сапасын арттырып, еңбек ресурстарын қорғау.
Мысалы, еңбекті қорғау саласында мониторинг күшейтіледі: кәсіпорынның цифрлық картасы енгізіліп, зауыттар жұмысы 70 көрсеткіш бойынша бағаланады. Оған жалақының уақтылы төленуі, салықтық берешектің орындалуы, кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі секілді мәліметтер келтірілген.
Кездесу соңында энергетиктер өздернін қызықтырған сауалдар жолдап, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі тарапынан мамандандырылған жауаптар алды.
Фото: Азамат Омаров