Павлодарда денсаулық сақтау және білім саласындағы проблемалық нысандар қаралды

Павлодарда денсаулық сақтау және білім саласындағы проблемалық нысандар қаралды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Алты ауылдық медициналық нысан аяқталмай тұр, олардың біреуі бойынша мердігер сотқа берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалында фракция отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар мен салалық басқарма өкілдері 2024 жылғы Жол картасына енген проблемалық нысандар мен келесі жылдағы мерзімдердің бұзылу қаупін талқылады.

– Негізгі мәселе денсаулық сақтау саласына қатысты болды. Жол картасының 35-тармағы бойынша алты ауылдық медициналық нысан әлі күнге дейін аяқталмаған. Апта соңына дейін Үштерек, Құркөл және Ивановка ауылдарындағы үш нысан бойынша актілерге қол қою жоспарлануда. Ал Мыңкөл ауылындағы медпункт бойынша мердігер «Қайрат ЭК» ЖШС өз міндеттемелерін орындамаған, материалдар сотқа жіберілді, – деді «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының ресми парақшасы.

Депутат Сандуғаш Қалижанова жүйелі кемшіліктерге назар аударды.

– Ішкі талдау жүргізілмейді. Қай ауылда қандай нысан салынғаны және нақты қай жерде медпункт қажет екені түсініксіз. Бұл экономикалық басқарманың бюджеттік жоспарлауына кедергі келтіруде. Бұл – басты мәселе, – деді ол.

Білім саласындағы бір нысан да тәуекел аймағында тұр. Құрылыс басқармасының мәліметінше, Павлодар қаласындағы №47 мектеп тамыз айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Алайда оқу процесі тек екінші тоқсаннан басталуы мүмкін.

Жиында «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуы да көтерілді.

– Ауыл шаруашылығы министрлігіне неге облысқа аз қаражат бөлінгенін сұрадық. Олар қажеттілікті өңірдің өзі анықтайды деп жауап берді, – деп атап өтті депутат Асылбек Туғанбай.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығының құрылысы бойынша да пікір алмасылды. Нысанның орналасатын жерін анықтау және байлау жұмыстары ұзаққа созылып, мерзімдер кейінге шегерілген. Қазір жобалық-сметалық құжаттама сараптамада, қаржыландыруға өтінім жылдың соңына қарай берілмек.

Депутат Айнұр Мұхамедиярова кешенді тәсіл қажет екенін жеткізді.

– 41-тармақ 2024-2025 жылдар бойынша орындалмаған – барлығы 9 нысан. Денсаулық сақтау басқармасымен бірге осы 9 ауылды аралап, нақты қажеттілікті анықтайтын мониторингтік топ құруды ұсынамын. Осыдан кейін ғана Жол картасының индикаторларын түзетуге және бюджетке өтінім беруге болады, – деді ол.

Сондай-ақ Май ауданындағы Саты ауылындағы медпункттің сын көтермейтін жағдайы айтылды. Нысан Жол картасына енгізілген, жобалық құжаттары дайын. Фракция мүшелері жақын арада бюджетке өтінім беруді ұсынды.