Екібастұз энергия торабын кешенді түрде жаңғырту жүргізіледі
Бұл шамамен 3 ГВт жаңа генерацияны енгізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсының мәліметінше, Үкіметте Мемлекет басшысының 19 сәуірдегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңесте берген тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары қаралды.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өз баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Екібастұз энергия торабын кешенді түрде жаңғырту жүргізілетінін, бұл шамамен 3 ГВт жаңа генерацияны енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Сондай-ақ желтоқсан айында қуаты 500 МВт Екібастұз ГРЭС-1-де 1-ші энергоблок қалпына келтіріледі. Жалпы қуаты 1 200 МВт-тан асатын 3 және 4 энергия блоктарын енгізу арқылы ГРЭС-2-ні кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы қуаты 1 200 МВт болатын 5 және 6 энергия блоктарын салу бойынша жобалау алдындағы жұмыстар басталады, – деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев.
Екібастұз ЖЭО жаңғырту шеңберінде осы жылы ұзындығы 5,3 км жылу желілерін күрделі жөндеуді аяқтау, 5 су жылыту қазандығы бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу, ЖЭО-ның 3 энергетикалық қазандығын, сондай-ақ қосалқы жабдықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды жаңғыртуды соңына дейін жеткізу жоспарлануда.
Жалпы, экономиканың электр энергиясына өсіп келе жатқан қажеттілігін өтеу үшін 2035 жылға дейін 17,3 ГВт жаңа қуаттар енгізілетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Астанада елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша өткен кеңесте Екібастұз энергия торабын жаңғыртуға баса назар аударылатынын атап өткен болатын. Үкімет пен әкімдік ГРЭС-1 бірінші энергоблогын уақтылы іске қосуды және екі жаңа ГРЭС-2 блогын салуды қамтамасыз етуі қажет екенін ескертті.
Былтыр Екібастұз жылу желілері мен ЖЭО-да болған үлкен апатқа байланысты қаланың бір бөлігі жылусыз қалған болатын.