Ақсу қаласына қарасты Жолқұдық ауылына Қанаш Қамзиннің есімі берілмек
Жолқұдық ауылында киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мерекелік шара ауылға Қанаш Қамзиннің есімін беруге және Мәжен Қабылбековтың 100 жылдығына арналды.
Шараға жиналған жұртшылықты Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Байбәкіров құттықтап, әрбір шаңыраққа бақ-береке тіледі.
– Бүгін қос батырдың мерекесі. 2001 жылдан бастап Алғабас ауылының мектебі білім саласына қосқан үлесі үшін ҚазКСР-не еңбек сіңірген мұғалім, Социалистік еңбек ері Мәжен Қабылбековтың есімімен аталады. Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзин еліміздің болашағы үшін жанын құрбан еткен қаһарман жерлесіміз. Жастарымыз осы екі тұлғаны үлгі тұтып, ешқашан ұмытпайды деген сенімдеміз, – деді Нұрлан Байбәкіров.
Сонымен қатар ол «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша биыл Жолқұдық ауылында жолдар орташа жөндеуден өтіп, көшелер жарықтандырылғанын атап өтті. Ақсу ауылдық аймағында алғаш рет бір ауылдық округте Алғабас және Жолқұдық ауылдарында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Былтыр Алғабас ауылдық округінде жеті балалар ойын алаңы орнатылған. Бұдан бөлек, саябақта жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Ал 2024 жылы аталған бағдарламаға Алғабас ауылын қосу жоспарлануда.
Қанаш Қамзин атындағы білім беру орта мектебінің директоры Қанат Шайғазинның айтуынша, Мәжен Қабылбековтың мектеп тарихынан алар орны ерекше.
– Мектепті 1966 жылы Мәжен Қабылбеков өзі салдырып кеткен. Тұрғындар «қызыл» мектеп дейтін. Осы мектепте 60 жыл мұғалім, 56 жыл мектеп директоры болып қызмет еткен. 1971 жылы КССР Президумының шешімімен «Социалистік Еңбек ері» атанды. Біздің жерлесіміз – облыс көлемінде осы атақты алған алғашқы адам. Жолқұдық ауылына ономастика комиссиясының шешімімен Отан үшін жанын қиған мектеп түлегі Қанаш Қамзиннің аты берілейін деп отыр. Қанаш Қамзин ұрпақты қарумен қорғаса, Мәжен Қабылбеков елін қаламмен тәрбиеледі, – дейді Қанат Шайғазин.
Бүгінде Мәжен Қабылбеков атындағы орта мектепте 300-дей оқушы бір ауысымызда білім алады. Білім ордасы Ақсу қаласы бойынша биыл ҰБТ көрсеткішінен төртінші орынға шыққан.