Ақсуда дәрігерлер жүкті әйел адамды үйде босандырып алды
Оқиға өткен аптаның соңында болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 103 жедел жәрдем қызметінің пультіне әйелдің мерзімінен бұрын босана бастағаны туралы қоңырау түскен. Диспетчер медициналық алғашқы көмек туралы егжей-тегжейлі нұсқаулық бере отырып, «қоңырауды ұстап тұру» әдісін қолданды.
– Шақырту Ақсу қаласынан 14 шақырым жерде орналасқан Ақсу кентіндегі көпқабатты үйден түсті. 103-ке қоңырау шалған 31 жастағы әйел жүктіліктің 28-ші аптасында мерзімінен бұрын босана басталғанын хабарлады. Медициналық топ жолда келе жатқанда жедел жәрдем диспетчері пациентпен байланыста болды. Ол әйелге кішкентайдың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін өзін қалай ұстау керектігі туралы нұсқау берді, – деді станцияда.
Дәрігерлер шақыртудан кейін сегіз минуттан соң келді. Алайда, үйде босану кезінде белгілі бір асқынулар пайда болды. Бұдан кейін гинеколог дәрігер мамандығы бар жедел жәрдем кіші станциясының меңгерушісі шақырылды.
Олар әріптестерімен бірге нәрестені туғызып алды және барлық қажетті емшараларды орындады. Кейін анасы мен баласы Ақсу қалалық ауруханасына жеткізілді. Қазір олар мамандардың бақылауында.
Фото: Константин Шелков