Павлодар облысында ақ желеңділер жүрегі тоқтап қалған екі науқасты аман алып қалды
Екі жағдайда да дәрігерлер дефибриллятор қолданып, науқастарды ауруханаға жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, алғашқы сәтті реанимация Павлодарда жасалды. 54 жастағы әйел 30 қаңтарда өз үйіне кіреберістің жанында ауырып қалған.
Жедел жәрдем қызметкерлері оған «өкпе эмболиясы» деген диагноз қойып, жансақтау бөлімінде шұғыл көмек көрсете бастады. Осы кезде науқастың жүрегі тоқтап қалғандықтан дәрігерлер дереу реанимацияға кіріскен. Әйелдің жүрек ырғағын қалпына келтірген 103 тобы оны №1 қалалық ауруханаға жеткізді.
Сондай-ақ Успен ауданында 50 жастағы ер адам жағдайы күрт нашарлағандықтан жедел жәрдем шақырған. Оқиға орнына жеткен фельдшерлік бригада оның жедел коронарлық синдроммен ауырғанын анықтады.
- Тасымалдау кезінде науқастың жүрегі толық тоқтап қалған. Фельдшер жүректі «қайта іске қосу» үшін дефибриллятор қолданды. Жедел жәрдем бөлмесінде аудандық ауруханадағы әріптестерімен бірге реанимация шараларын жалғастырды, - деді жедел жәрдем қызметінде.
Науқастың жағдайының ауырлығын ескере отырып, оны облыстық медициналық авиация орталығына ауыстыру туралы шешім қабылданды. Медициналық бригаданың құрамында Успен ауданына реаниматолог пен кардиолог келді. Олар жедел жәрдеммен ер адамды Павлодарға жеткізді. Қазір ол кардиологиялық орталықта мамандардың бақылауында.
– Реанимация маманнан жеделдік пен нақты әрекетті талап етеді, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Ольга Вербовая. – Сондықтан біз 103-тің барлық қызметкерлерін реанимациялық жәрдем бойынша оқытуды және қайта даярлауды ұдайы жүргіземіз. Соның нәтижесінде соңғы жылдары реанимация көрсеткіштері айтарлықтай өсті.
Осыған ұқсас тағы бір оқиға Ақсу қаласында тіркелді. Қала маңындағы Евгеньевка ауылында 27 жастағы ер адам кеудесінде қатты ауырсынуды сезінген, қабылдаған дәрі-дәрмектер ауруын баса қоймаған соң 103 қызметіне жүгінген.
Фельдшерлер науқасқа электрокардиограмма жасады, оның нәтижесі ер адамның миокард инфарктісімен ауырғанын көрсетті. Тасымалдау кезінде асқынуды болдырмау үшін ер адамға тромболитикалық терапия жүргізілді. Ал, кардиологиялық орталыққа жатқызылғаннан кейін науқасқа жасалған коронарлық ангиографияда оның қаны ұйығандығы анықталды. Нәтижесінде науқасқа стент орнатылып, өлімнен аман қалды.
Фото: Константин Шелков