Ақсуда тұрғын үйлерге 2 қазанда жылу беріле бастайды
Тиісті қаулыға қол қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов мәлім етті.
– Тұрғын үйлерге жылу беру 2 қазанға жоспарланған. Тиісті қаулыға қол қойылды. Біз жылыту маусымын кедергісіз бастағымыз келеді, себебі кейбір жағдайлар туындауы мүмкін. Алдағы аптаның ішінде бүкіл қаланы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуды жоспарлап отырмыз, – дейді Нұрлан Дүйсенбинов.
Оның айтуынша, 25 қыркүйектен бастап әлеуметтік нысандарға жылу беріліп, қаладағы барлық мектептер, ауруханалар мен балабақшалар қысқы режимге көшкен.
– Ақсулықтарды жылумен қамтуды жақсарту үшін бірнеше ауқымды жобалар дайындалуда. Осылайша, 3,4 миллиард теңгеге барлық блокішілік және магистральдік желілердің үштен бірін қайта құру жоспарлануда. Сонымен қатар 500 жеке тұрғын үйді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жоспарлануда, бұл жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға серпін береді, – деді Нұрлан Дүйсенбинов.
АЖҚ-2 басшысы Талғат Әміровтің сөзінше, Ақсу ферроқорытпа зауыты жылыту маусымына үш ыстық су қазандығымен кірді. 78 пайыз тозғанына қарамастан, қазандықтар қысқа дайын.
– Қаладағы жылу желілерінің ұзындығы 99 шақырымды, желілердің тозуы 64 пайызды құрайды. Жылу желілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары толық көлемде аяқталды. Гидравликалық сынақтардың қорытындысы бойынша 19 кедергі анықталып, олардың барлығы жөнделді, – деді Талғат Әміров.
Ақсу қаласының жалпы ұзындығы 8,2 шақырымды құрайтын жылу желілерін қайта жаңғырту және салу, сондай-ақ ұзындығы 3,7 шақырымды құрайтын №11 шағын ауданда жылу желілерін салу жобаларын ағымдағы жылдың қараша айында аяқтау жоспарлануда.
Айта кету керек, 15 қазанға дейін қаланы көмірдің барлық түрімен толық қамтамасыз ету жоспарлануда. Қаланың қатты отынға деген қажеттілігі 9201 тоннаны құрайды.