Ақсуда жүргізуші КамАЗ кабинасында қысылып қалды

Ол өз бетінше көліктен шыға алмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
8 қазан күні сағат 08:17-де «112» жедел қызметінің пультіне Ақсу қаласындағы ұйымдардың бірінде шұғыл жағдай орын алғаны туралы хабарлама келіп түсті. Алынған мәлімет бойынша, 1968 жылы туған ер адам КамАЗ жүк көлігін жүргізу барысында ғимараттың қабырғасына соғылып, салдарынан кабинада қысылып қалған.
Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар арнайы гидравликалық құралдарды пайдаланып, жүргізушіні көлік салонынан қауіпсіз түрде шығарып алды. Зардап шеккен азамат бірден жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
Құтқарушылардың үйлесімді әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында ер адам ауыр зардаптардан аман қалды. Қазіргі таңда ол медициналық мамандардың бақылауында.