Алаяқтар Павлодар ауылдарына жетті
Абырой болғанда, оларды полиция ұстады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кітапханада облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Ол онлайн алаяқтықпен күресуге арналды. Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов кеңестің алдыңғы отырысында дәл осыны өтінген болатын, қоғам белсенділері құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өтінішін қабыл етті.
Өкінішке орай, мұндай қылмыстар саны үнемі артып келеді. Сафуан Жампейісовтің айтуынша, алаяқтар Қазақстанның ерекшеліктеріне бейімделіп, үнемі алдаудың жаңа әдістерін қолдануда.
- Бұрын қылмыскерлер өздерін көбінесе полиция қызметкерлері, пошташылар немесе мемлекеттік қызметкерлер етіп таныстырса, қазір олар Wildberries, OLX және Kaspi сияқты онлайн дүкендерде жеткізушілерге «айналды». Әрі қарай үйреншікті түрде адамды қорқыту-үркіту схемасы іске қосылады: қаражатыңыз немесе мүлкіңіз қауіп астында, ақпаратыңызды тез бере қойыңыз деген сияқты талап етулер көбейеді. Сонымен қатар, бұл алаяқтықтарға тек зейнеткерлер ғана емес, кез келген адам алдануы бек мүмкін, - деп ескертті департамент бастығының орынбасары.

Полицейлер Павлодар зейнеткері Лидия Семенкованың ісін мысал ретінде келтірді. Қараша айында оған өздерін «Павлодарэнерго» компаниясының өкілдері болып таныстырған адамдар хабарласып, оның жинақтары қауіп астында екенін хабарлады. Әйелдің 24 миллион теңгесі болғаны белгілі болды. Алаяқтар оны бір апта бойы айналшықтап, өте сақтықпен әрекет етті. Бірақ ақырында Лидия Семенкованың күмәні оны жеңіп, полиция оның жинақтарының жоғалуына жол бермей, жедел әрекет етті.
Жыл басынан бері Павлодар полициясы 11 адамды ұстап, үш топты жойып, 294 істі ашты. Мысалы, құқық қорғау органдарының қызметкерлері Астанада үш шетелдікті алты сим-бокспен ұстады.
- Сонымен қатар, облыс аумағында біз тағы төрт адамды ұстадық, олардың бірі Ақтоғайға сим-бокс орнатқан, яғни алаяқтар ауылдық жерлерге жете бастады, - дейді Киберқылмыспен күрес департаменті бастығының орынбасары Ризабек Жанат. – Жыл басынан бері онлайн алаяқтықтың 2028 дерегі тіркелді. Бұл өсім біздің белсенділігіміздің артуына және басқа құқық қорғау органдарының бірлескен күш-жігеріне байланысты.

Мысалы, өткен жылы Қазақстан Ұлттық банкінде алаяқтыққа қарсы орталық іске қосылды. Бұл жүйені Қазақстан Ұлттық банкі және оның операторы «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ қаржылық алаяқтыққа қарсы күрес үшін құрды. Орталық күдікті транзакциялар туралы деректерді жинайды және талдайды, бұл қаржы институттарына, құқық қорғау органдарына және телекоммуникация операторларына нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға және алаяқтық транзакцияларды жедел түрде бұғаттауға мүмкіндік береді.
Биыл орталық 140 000-нан астам алаяқтық қоңырауларды бұғаттады.