Ақтоғай ауданында жарты ғасыр жөнделмеген дәрігерлік амбулатория жаңартылды

Ақтоғай ауданында жарты ғасыр жөнделмеген дәрігерлік амбулатория жаңартылды
Фото: Константин Шелков

Мүткенов ауылында күрделі жөндеуден өткен медициналық нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ақтоғай ауданы әкімдігінің хабарлауынша, амбулатория мыңнан астам ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Ғимарат 1973 жылы салынған, яғни 50 жыл ішінде бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жұмыс барысында қасбет жаңартылып, шатыр, электр желілері, сумен жабдықтау жүйесі ауыстырылды. Амбулаторияның ішкі бөлмелері жөнделіп, жаңа медициналық жабдықтар мен жиһаз сатып алынды.

Облыс басшылығының қолдауының арқасында біз осы маңызды жобаны жүзеге асырып отырмыз. Мүткенов ауылының тұрғындары бұл сәтті көптен күтті. Ыңғайлы жағдайлар жасалған күрделі жөндеуден кейін дәрігерлік амбулатория ғимараты пайдалануға беру халыққа медициналық көмек көрсету сапасына оң әсер ететініне және уақытылы алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсетіледі деген сенімдемін,– деп құттықтады аудан әкімі Қаршыға Арынов.

Медициналық мекеме танымастай өзгерді - енді дәрігерлер науқастарды қажетті стандарттар бойынша жабдықталған жарық кең бөлмелерде қабылдап, емдейтін болады.Атқарылған жұмыс - округтің денсаулық сақтау саласын дамытудағы тағы бір қадамы.

Ақтоғай ауданының тумасы, облыстық мәслихат депутаты, «Стальмонтаж» ЖШС директоры Александр Тереньтев әлеуметтік әріптестік аясында амбулаторияға медициналық құрал-жабдықтар сатып алды. Ал медициналық қызмет ардагерлері сыйлық ретінде амбулаторияға сурет сыйлады. Жергілікті тұрғындар медициналық амбулаторияға заманауи роутер берді.