Көктемде Павлодар облысында тұмау бәсеңдей түседі
Оның орнына тұмаудан басқа вирустар келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова мәлім етті.
– Биылғы эпидемиологиялық маусымда тұмаудың сырқаттанушылық көрсеткіші жоғары. Былтыр тұмаумен 33 адам ауырса, осы жылы 63 тұрғын тұмауды жұқтырып алған. Май және Баянауыл аудандарының тұрғындарынан басқа барлық қала мен ауданның азаматтарында вирус тіркелді, – деді Зәмзәгүл Досжанова.
Аумақтық сырқаттанушылық бойынша Екібастұз қаласы көш бастап тұр – 22 жағдай, Павлодарда – 15, Ақсуда – 3 науқас тіркелген.
Оның сөзінше, стационарда тұмаумен екі аяғы ауыр әйел, бір жасқа дейінгі бір бала мен 16 ересек адам жатыр. Оларда жағдайдың орташа дәрежесі байқалуда.
– ЖРВИ ішінде ең қауіптісі – тұмау. Инфекция көзі науқаспен байланыста болады: вирус ауа тамшылары арқылы беріледі және микробтар жоғарғы тыныс жолдарына енген кезде ауруға шалдығу ықтималдығы өте жоғары,– деп атап өтті спикер.
Зәмзәгүл Досжанованың айтуынша, тұмаудың ең таралатын кезеңдері қаңтар, ақпан айларында болған. Көктемде тұмау емес вирустар айналымда болады.
– Тұмау емес вирустарға парагрипп, респираторлық-синцитиалдық вирусы, метапневмовирус, риновирус, бокавирус, аденовирус, маусымдық коронавирус жатады. Бүгінде аталған вирустар бойынша тестіленген 1433 сынаманың 93-і оң нәтиже берді, – деп толықтырды спикер.
Сондықтан да, халық арасында тұмаумен сырқаттанушылық пен асқынуларды азайтудың бірден-бір тиімді шарасы – вакцинация. Тұмауға қарсы барлығы 92 мыңнан астам адам егілді.