Баянауыл ауданына су басу қаупін азайту үшін қоршаулар орнатылды

Күн күрт жылығандықтан, қар тез ери бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясындаоблыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов су басу қаупі бар аймақтарда адамдар мен малдың қауіпсіздігі үшін жасанды су қоймаларының айналасына қоршаулар орнатылғанын жеткізді.
– Биыл Баянауыл ауданында су басу қаупі аз деп айтуға болады. Ал таулар мен далада жиналған қар қорынан басқа, ауданға бірнеше су қоймалары орналасқан Қарағанды облысынан су келсе, алдын алуға дайындықтар толықтай жасалған, – деді Серік Батырғожинов.
Облыс әкімдігімен ауданның Қ.Сәтбаев, Ұзынбұлақ, Жаңажол және Жаңатілек ауылдарында лиманды суару жүйелерін қайта жаңарту бойынша жобалар іске асырылды. Жобалар Айдос, Қарасу, Ащысу өзендерінен келетін тасқын суларды жинақтауға және оларды лимандардың суармалы алқаптарына жіберуге бағытталған. Бұл өз кезегінде су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Бұған дейінгі жылдары көктемгі су тасқыны кезінде қиындықтар туғызған Жаңатілек және Қаратомар ауылдық округтеріне апаратын Қарашат-Жаңа-Жайма автожолының учаскесінде көлік құралдарының өтуі мәселесін шешу үшін былтыр айналма жол салынды.
Сондай-ақ, республикалық маңызы бар Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ульянов тас жолының 101-105-ші шақырымдарында «Қазавтожол» АҚ филиалы темірбетонды үш аралықты көпір салды, бұл судың ауылдарға кірмей, көпірдің астынан өтуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұндағы су өткізгіштер толығымен жаңартылды.