Сізбен танысуға бола ма: Павлодарда «109» қызметіне қандай сұрақтар келеді?
Жыл басынан бері орталық 70 мыңға жуық қоңырауды қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев мәлім етті.
– Барлық өтініш 95%-ға орындалды. Сұрақтардың басым бөлігі консультативтік, тұрғын үй қатынастары, коммуналдық қызметтердің жұмысына қатысты түседі, – деп атап өтті Елнұр Өтебаев.
Оның айтуынша, ерекше қоңырау шалатындар да аз емес.
– Бір ер адам өзінің әйелімен ұрысып қалған. Ол біздің операторымыздан психологиялық көмек сұрап, өзінің жай-күйін айта бастаған. Бұл – есімде қалған қызық жағдайлардың бірі. Сондай-ақ оператормен танысқысы келетіндер көп. Емхананың қайда орналасқаны, қай жерде тамақ сатып алуға болатыны туралы сауалдар түседі, – деді спикер.
Елнұр Өтебаев қазіргі кезде ТҮКШ қатысты, әсіресе жылуға байланысты сұрақтар жиі түсетіні жайлы айтты.
Еске сала кетейік, қаланың тіршілігін қамтамасыз етудің барлық мәселелерін біріктіру мақсатында облыста 109 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Оның Facebook, Instagram әлеуметтік желіде парақшалары және WhatsApp, Telegram чат-боттары бар. Байланыс орталығы күн сайын 24/7 режимінде жұмыс атқарады. Бүгінде бірыңғай байланыс орталығына 200-ден астам ұйым оның ішінде мемлекеттік органдар қосылған.
Фото: Константин Шелков