Павлодар облысында 800-ден астам жүргізуші автокресло үшін жазаланды
Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғалары кезінде кішкентай жолаушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау ережелерін еске салады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері жолаушыларды тасымалдау талаптарын сақтамаған 8914 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 879-ы балаларға арналған арнайы қауіпсіздік құрылғыларын пайдаланбаған.
Полицейлер балаларды көлікпен тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін ескертті. Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, 12 жасқа дейінгі балаларды алдыңғы орындықта арнайы автокреслосыз немесе басқа да тиісті қауіпсіздік құрылғысынсыз тасымалдауға болмайды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, автокресло жол апаты кезінде баланың жарақат алу қаупін азайтады. Сондықтан жүргізушілер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құрылғыларды пайдалануы тиіс.
Полиция ата-аналар мен жүргізушілерді балаларды тасымалдау ережелерін қатаң сақтауға шақырады.