Павлодар облысында көбінесе көлік салығы төленбеген

Павлодар облысында көбінесе көлік салығы төленбеген
Фото: Константин Шелков

Өңірде жыл басынан бері 15 мыңға жуық тұрғын көлік салығын төлемеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Габбасов мәлім етті. 

– Бүгінгі таңда 11 тамыздағы жағдай бойынша облыста 40 980 тұрғынның салық төлемегені анықталды. Олардың берешегі 805 миллион теңгеден астам соманы құрайды. Осы соманың 733 миллион теңгесі – көлік салығы. Көлік салығын төлемеген тұрғындардың саны – 14 754, – дейді Ерболат Габбасов.

Спикердің сөзінше, бүгінде облыс бойынша 24 138 салық төлеушінің  мемлекетке мүлік салығы бойынша 68 миллион 248 мың теңге берешегі бар. Ал жер салығы бойыша 2088 тұрғын 4 миллион теңгеден астам қарыз. 

Айта кету керек, Павлодар облысында 246 683 салық төлеуші тұрғын бар. Олар жыл сайын мүлік салығы үшін 321 миллион теңгеден астам төлейді.