Бас мүфти павлодарлық қарияның сауапты ісі үшін қасиетті сапарға жолдама сыйлады

Бас мүфти павлодарлық қарияның сауапты ісі үшін қасиетті сапарға жолдама сыйлады
Фото:pixabay.com

93 жастағы атаның игі ісі елеусіз қалған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы қажылыққа жинаған қаржысын мұқтаждарға берген Сағадат Жұмабаевпен кездесті. Ол Бас мүфтидің атынан кіші және үлкен қажылыққа жолдама берді.

– Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы мені сізге жіберді. Ол кісі сізге дұғай сәлем айтып, істеген сауап жұмысыңызға шын алғысын білдіріп жатыр, – деді Жолдас қажы Қоспақұлы.

Балаларға ақшасын үлестірген ақсақалға қажылыққа бару мүмкіндігі ұсынылды.

– Сіздің денсаулығыңыз мүмкіндік берсе, келесі жылы үлкен қажылыққа жіберуге дайынбыз. Ал егер мүмкіндік болмаса, биылғы жылы умра – кіші қажылыққа жіберейік. Ол 10 күн болады. Қасыңызға арнайы адам қосып, барлық ұйымдастыру жұмыстарын өзіміз қолға аламыз, – делінген хазіреттің сәлемінде.

Қария бұл жаңалықты естіп, ерекше қуанып, ризашылығын білдірді.

– Мені сыйлап, алыстан хат жолдағандарыңызға үлкен рахмет. Жалғыз болғаннан кейін бара алмаймын деп жүрдім. Егер осындай көмек болатын болса, үлкен қажылыққа барғым келеді, – деді ол.

Еске сала кетейік, павлодарлық қария бірнеше жыл бойы қажылыққа жиналған қаражатын қайырымдылық мақсатта жетім балалар мен мұқтаж отбасыларға арнаған болатын.