Айыппұл төлемеген: Павлодар облысында он екі көлік тұраққа қойылған
Учаскелік полиция инспекторлары мен сот орындаушылары рейдтік іс-шаралар жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақта жазаның бұлтартпаушылық қағидатын қамтамасыз етуге, әкімшілік айыппұл төлемеушілерге шаралар қабылдауға бағытталған «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Учаскелік полиция инспекторлары сот орындаушыларымен бірге тұрғылықты жері бойынша айыппұл төлемеген 1500 адамды тексерді.
– «Қорғау» жүйесі бойынша 743 сәйкестік, ал «Кибер-шериф» жүйесі бойынша әкімшілік айыппұлдар бойынша 267 сәйкестік тіркелді. Павлодар қаласында «Daewoo Nexia» маркалы автокөлігі айып тұрағына қойылды. Көлік иесі 400 мың теңге айыппұл төлемеген, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Ведомствода егер өтелмеген әкімшілік айыппұлдар анықталса, қарыз толығымен өтемегенше көлік құралдары айып тұрағына қойылатынын еске салады.
Айта кетерлігі жедел профилактикалық іс-шара барысында барлығы 24 миллион теңгеден астам қаражат өндіріліп, арнайы айып тұрақтарына 12 көлік қойылған.